Денсаулық сақтау

Өңірде “Pfizer” вакцинасының 61 мыңнан астам дозасы бар

Облыстық қан орталығында орналасқан -90 градусқа дейін суытатын мына екі тоңазытқышта “Pfizer” вакцинасы бар. Аталған екпе тек осындай температурада ғана сақталуы тиіс. Сондықтан, тіпті,түсірілім тобына да құрылғыларды ашып көрсетуге рұқсат берілмеді.

Құмар Күсемісов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– “Pfizer” екпесін өзгелеріне қарағанда талапшыл деуге болады. Оны жеткізу мен сақтау үшін арнайы құрылғылар қажет. Мысалы, мына тоңазытқыштар -90 градусқа дейін суыта алады. Нақ осы 2 камерада екпенің 61 мыңнан астам дозасы сақтаулы тұр. Америкадан елге жеткізу кезінде де препараттар арнайы мұз салынған термобокстармен әкелінді. Оның өзіне GPS-датчик пен “Электронды логер” деп аталатын құрылғы тағылған. Осылайша вакцинаның қай жерде келе жатқандығы мен қазір қандай температура көрсетіліп тұрғандығын біліп отыруға болады.

Жалпы, өңірге жеткізілген “Pfizer” препараты 2023 жылға дейін жарамды екен. Бірақ, оны қолдану кезінде де бірқатар талаптар бар.

Құмар Күсемісов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Мына тоңазытқыштарда -90 градусқа дейін сақталған препарат медицина мекемелеріне беріледі. Оларда -15,-25 градустық температурада сақталып 2 апта ішінде қолданылуы тиіс. Өйтпеген жағдайда жарамсыз болып қалады. Әзірге, өңірде препараттың бүліну жағдайлары тіркелген жоқ. Өйткені, емдеу мекемелеріне біз шағын партиялармен ғана жеткіземіз. Аудандарға да арнайы термобокстармен жөнелтіледі.

Бүгіндері өңірде осындай 3 тоңазытқыш бар. Олардың екеуі қазір жұмыс істеп тұрса, біреуі бос. Жалпы, облысымызда “Pfizer”-дің 61 мыңнан астам дозасы бар. Денсаулық сақтау басқармасындағылар бұл арнайы санаттағы 42 мың 705 адамды иммундау үшін жеткілікті дейді.

Магжан Ахмадина