Қоғам

Ұлттық Ұланның қатары артпақ

Ел басына күн туған шақта Отанымызға батыл да батыр азаматтардың көп қажет екенін түсіндік. Мұны Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында айтты. Мемлекет басшысы өз сөзінде 2025 жылға дейін Қазақстандағы барлық күш құрылымдарының жұмысын қайта қарастырып, онда қызмет ететін мамандардың дайындығын күшейтуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Күш құрылымдарының қолбасшылығы дереу сарбаздардың жауынгерлік дағдыларын дамытуға және мамандарды қорғаныс пен шабуылға қажет құралдармен жабдықтауға кіріссін. Ұлттық ұланды сан және сапа жағынан нығайту керек. Сондай-ақ, өңірлерде оның жаңа бөлімшелерін ашып, жұмыс істеп тұрғандарын күшейту қажет. Көліктік және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету мәселелерін шешіңіздер. Олардың жауынгерлік дайындық деңгейін арттыруды қолға алу керек. Сонымен қатар, барлық күштік органдардың арнайы бөлімшелері қызметкерлерінің еңбекақысын өсіреміз.

Президент ел жастарының арасында әскерлік қызметтің маңыздылығын насихаттап, олардың патриоттық рухын көтеру мақсатында жұмыс атқару қажет екенін жеткізді. Мемлекет басшысының бұл сөзі жайлы қалалық ардагердер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин өз ойын айтты. «Аталған бағыттағы шаруаны жүргізу – аға буын өкілдерінің тікелей міндеті», – дейді Жангелді Уақпанұлы.

Жангелді Тәжин, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Баяғыда әскер қатарында болмаған азамат өзін ермін деп есептемейтін. Ал қазір бұл құндылық қалып бара жатыр. Батыр бабаларымыздың ұрпағы, жастарымыз «Ел қорғау – басты міндетім» деп есептеулері үшін тәрбие жұмысын жүргізуге тиіспіз.

Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамыту мен өмірде қиын жағдайға тап болған азаматтарды қолдау бойынша да болашақта көп шаруа атқарылатынын айтты. Соның бірі – «Қазақстан халқына» қорының ашылуы. Қорды қаржыландыру процесі жеке және мемлекеттік көздерден жүзеге асырылатын болады. Халықаралық қайырымдылық ұйымдарының да көмегін тарту жоспарлануда.

Жангелді Тәжин, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– “Қазақстан халқына” қоры ауыр дерті бар балалардың ата-аналары үшін үлкен жеңілдік болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласында да көп өзгерістер болатынын айтты. Атап айтар болсақ, Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы қазірдің өзінде облыс көлемінде орындалып жатыр дейді ардагерлер. Себебі, бүгінде жергілікті оқу ордасының оқытушылары АҚШ-тың Аризона университетімен әріптестік орнатып, білікті мамандарды даярлау бойынша жұмыс істеп жатыр.

Бердимурат Баймухан