Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жаңа премьер-министр тағайындалды, Президент тың тапсырмалар жүктеді

Үміткер – Премьер-Министрдің міндетін атқарушы Әлихан Смайылов. Ол бұған дейін үкімет басшысының бірінші орынбасары – қаржы министрі болды. Енді министрлер кабинетіне жетекшілік ету үшін кандидатурасы депутаттардың талқысына ұсынылып отыр.

Депутаттардың барлығы ұсынылған кандидатураны қолдады. Бүгіннен бастап Әлихан Смайылов – Қазақстанның жаңа Премьер-Министрі! Жиында Президент кең көлемде баяндама жасап, тың тапсырмаларды жіпке тізді. Бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Қасым-Жомарт Тоқаев қалыпты өмірге оралу үшін антитеррорлық операцияны аяқтауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Барлық содырлар мен олардың сыбайластарын тауып, жазалау қажет. Терорристік шабуылдардың артында кім тұрғанын анықтау аса маңызды. Тағы бір өте маңызды мәселе – бүлікшілердің ел аумағындағы ордасын мемлекеттің білмеуі. Біздің елде не себепті заңсыз қару-жарақ пен арнайы техника болған? Терорризм нысандарын анықтау бойынша тиісті жұмыс неліктен жүргізілмеген? Арнайы тергеу-жедел тобы сапалы әрі толық көлемде жүктелген тапсырманы орындап, орын алған жайттың себептерін анықтау тиіс.

Отан үшін отқа түс, күймейсің! Ел басына күн туғанда батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының қанатты сөзіне кей шенділер селқос қараған сияқты. Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты өңірлік департаменттердің басшылары қиындыққа қарсы тұрмай, жұмыс орындарын тастап кеткен. Ал антқа адал азаматтар арыстанша атылған терорристермен күресті. Өкінішке қарай, бірқатар жан басынан бақайшағына дейін қаруланған қылмыскерлердің қолынан қаза тапты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қаза болған тәртіп сақшыларының, әскери қызметшілер мен қарапайым азаматтардың отбасыларына көмек көрсету – біздің қасиетті борышымыз. Бұл мәселе менің жіті бақылауымда болады. Тұрғын үймен, оқумен және басқа да қажетті нәрсемен қамтамасыз етеміз. Төртінші мәселе – қираған дүние-мүлікті қалпына келтіру керек. Толығымен қалыпты өмірге ораламыз. Қаржы жүйесі мен көлік саласының, азық-түлік жеткізу ісінің еш кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет.

Кәсіпкерлерге де қолдау көрсетіледі. Мысалы, несиелер бойынша пайыздық төлемдер, айыппұл мен өсімпұл уақытша тоқтатылады. Алдағы уақытта мұндай жағдайға, яғни бүлікшілердің бас көтеруіне душар болмау керек. Ал соңғы сценарий қайталанса, қауіптің алдын алатындай қауқарымыз болу қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бесінші мәселе – еліміздің қауіпсіздігін нығайту және қауіп-қатердің алдын алу үшін шұғыл шараларды жүзеге асыру қажет. Біз сарбаздарды, әскери техника мен қару-жарақты қажетті жерге жедел жеткізу үшін әскери көлік авиациясы паркін толықтыру ісін қолға аламыз. Мемлекеттік шекараны нығайтуымыз керек. Көші-қон, соның ішінде ішкі көші қонды тәртіпке келтіретін кез келді. Қару-жарақ айналымын мұқият тексеріп, оны заң тұрғысынан реттеу қажет.

Қоғамда бағаны келісіп көтеру деген мәселе бар. Қалтаны ойлайтын басшылар өзара ымыраға келіп, бекітілген соманы ұлғайтады. Ақыры соңында қарақұрым халық зардап шегеді. Мұндайға жол бермеу қажет деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алу саласында картельді келісімдер жасасу кеңінен тарап кетті. Мысалы, былтыр мен фармацевтика нарығындағы картельді ретке келтіруді тапсырдым. Бірақ, кейбіреулер заңнамадағы кемшіліктерді желеу етіп, бұл жұмысты аяқсыз қалдыруға тырысуда. Сондықтан, картельді келісімдер жасасты деген күдік болған жағдайда мемлекеттік сатып алуға қатысушыларды тексеруге тыйым салу туралы мораторийдің күшін жоюды тапсырамын.

Алқалы жиында Президент ауыл шаруашылығы саласына да тоқталды. Былтыр елімізде қуаңшылық болғаны мәлім. Аптап ыстықтың салдарынан бақандай 4 млн тонна астық кем жиналыпты. Өткен жылғы ахуал биыл қайталануы әбден мүмкін. Сондықтан, үкімет жүйелі жұмыс жүргізіп, диқандарға қолдау көрсетуі қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Үкімет тұқыммен, жем-шөппен, тыңайтқышпен қамтамасыз ету мәселелерін және егін егу науқанын қатаң бақылауда ұстауы тиіс. Субсидияны тұрақты беруге қатысты мәселе жиі көтеріледі. Мен бұған дейін субсидиялау тәсілдерін қайта қарау қажеттігі туралы тапсырма берген болатынмын. Бұл жұмыс қысқа мерзім ішінде атқарылуы тиіс. Біз субсидия алуды жеңілдетуге, оның қолжетімді болуын және ашықтығын қамтамасыз етуге тиіспіз. Жуырда болған заңбұзушылықтардың қайталануына жол бермеу маңызды. Алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу қажет. Бұл үкімет пен әкімдердің алдында тұрған негізгі басымдық екеніне айрықша назар аударамын. Егер нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейді.

Таяу арада бірқатар шендінің жалақысы өспейді. Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдер мен депутаттардың еңбекақысын көтеруге бес жылдық мораторий жариялады. Ал әкімшілік мемлекеттік қызметшілер мен бюджет қызметкерлерінің табысы ұлғаяды. Бұл іс экономика мен бюджеттің мүмкіндігіне қарай жүзе асады. Қарапайым халықтың жайы не болмақ? Президент үкіметке “Атамекен” кәсіпкерлігімен бірлесіп екі ай ішінде халық кірісін арттыратын жоба құруды жүктеді. Тағы мемлекет басшысы жиналыстарды онлайн өткізуді тапсырды. Сонымен қатар, мұғалімдер тапшылығы сезілетін өңірлерге үздік педагогтарды тартудың арнайы қолдау пакеттері бар бағдарламаны әзірлеуді тапсырды.

Байболат Култанов