Қоғам

Өзге елде отырып, өз мүддесін ойлайтындарға ермеу қажет

 

Бейбіт шеру Қазақстан үшін трагедияға айналды. Газ бағасын төмендетуді сұрап, тағы бірқатар өзекті мәселелерді көтерген ағайынның митингін деструктивті топ өкілдері өз мақсаттарында пайдаланды. Осылайша бұзақылар, мародерлар мен лаңкестер бір мезетте еліміздің 11 қаласының ойранын шығармақшы болды. Әкімшілік нысандарға шабуыл жасап, өрт қойып, қарусыз тұрған сарбаздар мен полиция қызметкерлерін соққыға жығып, оқ жаудырды. Саны көп, жоспарлары бар ұйымдасқан топ Қазақстанның бейбіт өмірін шайқалтқысы келген террористер боп шықты.

Жақсыбай Самрат, журналист:

– Мен Президенттің батыл, өткір шешімдерін қолдаймын. Қолдарына қару ұстаған адамдармен бейбіт келіссөз жүргізу мүмкін емес. Сен оны атпасаң, ол сені, көшеде келе жатқан бейбіт адамды атады. Оларды құрту керек.

Елімізге ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүшелік ететін елдерден бітімгерлік миссиямен 2500 сарбаз жеткізілді. Қазір олар қоғамдық тәртіпті сақтау мен әкімшілік нысандарды қорғауға жұмылдырылды. Ал, отандық қарулы күштер мен тәртіп сақшыларымен “Антитеррор” операциясы жүргізілуде. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясында операцияның соңғы фазасына жеткендігін мәлім етті. Еліміз үшін қиын-қыстау сәтте бірге болып, провакацияға берілмеу маңызды дейді журналист Жақсыбай Самрат.

Жақсыбай Самрат, журналист:

– Оппозициялық күштерге ермеу керек. Басқа елде отырған оппозиция халықтың қамын емес, өзінің мүддесін ойлайды. Солардың олардың айтқанына ермеу керек. Тыныштық болғанын қалап, тыныштықты тілеу керек. Балаларына да соны айту керек.

Қазақстан террористерге тойтарыс берді. Жақын арада елімізде қалыпқа келтіру жұмыстары бастау алады. Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеуінде Қастерлі Отанымыз – әлем картасындағы егемен ел ретінде қуатты мемлекетке айналады, экономикамыз анағұрлым қарқынды дамиды, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайы жақсара түсетінін айтты. Өйткені, оған қол жеткізу үшін Президент қажетті реформалар мен нақты іс-шаралар жоспарын қабылдамақ.

Эльмира Садвокасова