Қоғам

Облыста азық-түлік көлемі жеткілікті деңгейде

Елімізде төтенше жағдайдың жарияланғанын естіген петропавлдықтар азық-түлік алу үшін жаппай сауда орындарына ағылғаны белгілі. Өйткені, шыны керек, дүкендердің жұмыс уақыты шектеліп, күнделікті тұтынатын тауарлар таусылып қала ма деген күдік болды. Сатып алушылардың көптігінен алғашқы күндері кейбір азық-түлік өнімдерінің тапшылығы білінгені де рас.

Марина Лисяная, супермаркеттің коммерциялық директоры:

– Төтенше жағдайға байланысты кейбір мекемелер тауарларды бізге жеткізе алмай әлек болды. Бірақ, қазір барлығы қалпына келіп, реттелді. Супермаркет сөрелері азық-түлікке толып тұр. Айта кетейін, әлеуметтік маңызы бар және басқа да тауарлардың бағаларын көтеруге тыйым салынды. Сондықтан, біздің супермаркетте желтоқсандағы баға өзгеріссіз тұр. Ал алкогольдік өнімдердің сатылуы тоқтатылды.

Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты сауда үйінің жұмыс уақыты да қысқартылды. Енді келушілер үшін супермаркет есігі таңғы 8-ден кешкі 21:00-ге дейін ашық. Ал, кассада төлем қабылдау бұрынғыша: қолма-қол және банк карталары арқылы іске асырылады. Дегенмен, тұрғындар үшін Каспи QR арқылы төлем жасау әлі мүмкін емес. Сонда да халық дүкендердің қайтадан карта қабылдап жатқанына қуанышты.

Алдыңғы күндері дүкеншілер қолма-қол ақша талап етті, ыңғайсыз екен. Картаға әбден үйреніп қалыппыз. Жағдайдың біртіндеп реттеліп жатқаны көңіл қуантады.

– Өзіміз осы маңда тұрамыз. Бұл супермаркеттен күнделікті қажетті азық-түліктің барлық түрін алуға болады. Бастысы, тауарлардың сапасы көңілден шығады әрі бағасы да қолжетімді.

– Дүкенде тауардың түр-түрі бар. Өз басым төтенше жағдай жарияланғалы азық-түлік тапшылығын сезбедім. Бүгін өзім сүт, пияз, құрма сатып алдым.

Ел басына күн туғанда өңір аумағында күнделікті тұтынатын тауарлардың жетіспеушілігі айтарлықтай байқалмады. Өйткені, биыл мамандар бағаны тұрақтандыру қорына әдеттегіден екі есе көп азық-түлік сатып алған. Бүгінде қорда 14 аталым бойынша 7 мың тоннадан астам өнім бар.

Ләззат Ғалеева, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:

– Бағаны тұрақтандыру қорындағы тауарлар қаладағы ірі сауда үйлері мен супермаркеттерге жеткізіледі. Сонымен қатар, облыс орталығындағы базарлардан да азық-түлікті арзан бағамен сатып алуға болады. Мәселен, картоп пен сәбіз – 115, пияз – 95, ал жұмыртқа 280 теңгеден ұсынылуда. Бағаға күнделікті мониторинг жүргізіледі.

Осы ретте “Тұрғындар өнімнің бағаны тұрақтандыру қорынан екенін қалай біле алады?,- деген сұрақ туындайды. Ләззат Ғалееваның айтуынша, тауардың сыртындағы «Стабфонд» деген жазуға мән беру керек.

Алтынай Казиканова