Қоғам

ҚР ҰҰ Әскери институтында лаңкестермен күресте қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды

 

Өмірлері қыршыннан қиылған екі жас. Әскери институттың сарбаздары террористермен қақтығыста көз жұмған қатарластарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Ерлікпен қаза тапқандардың бірі – Қарағанды облысының тумасы Мадияр Қайсаров. Қатардағы жауынгер қаңтардың 5-і Қызылорда қаласында қоғамдық тәртіпті орнатуға аттаныпты. Алайда, шерушілер арасынан шыққан ланкестер жүк көлігін тізгіндеп, сарбаздарды баспақ болған. Дәл осы сәтте 19 жастағы Мадияр қасында тұрған жолдастарын итеріп жіберіп, өзі машина астына түскен.

Оразалы Қайсарұлы, Мадияр Қайсаровтың әкесі:

– “Қатарластарымның бәрі әскерге кетіп барады, мен де барамын. Кейін жоғары оқу орнына түсемін”,- деп кетіп еді. Ол инженер-бағдарламашы болғысы келетін. Суретті керемет салатын. Өте ақылды болатын. Халықты ауызбіршілікке шақырамын. Әсіресе, жастарымыз бұзақылыққа бармасын. Ұлым қоғам тыныштығы жолында, елі үшін құрбан болды. Көңіліме медеу сол.

Қарағанды облысының тумасы Айбат Аманов та ерлігімен елдің есінде мәңгі қалмақ. Небәрі 18 жасында Ұлттық Ұланның курсанты Отанын қорғау кезінде жан тапсырды. Жауынгер Талдықорғандағы шеру кезінде бүлікшілер мен мародерларға қасқая қарсы тұрған. Алайда, баскесерлер сарбазды жабыла соққыға жыққан көрінеді.

Бауыржан Абжанов, ҚР ҰҰ Әскери институтының бастығы:

– Қос жауынгер өздерінің өмірлерін қатерге тігіп, басбұзарларға қарсы тұрды. Өздеріне жүктелген міндетті өмірлерінің соңына дейін атқарды. Біз Отан үшін күресте қаза тапқан әрбір жанның отбасылары мен жақындарына көңіл айтамыз. Бұл – барша қазақстандықтар үшін орны толмас қайғы.

Әскери және қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы, сондай-ақ мемлекет мүддесін қорғау кезінде жасаған ерлігі үшін Президент жарлығымен қос батырға ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені тағайындалды. Ел басына күн туғанда лаңкестермен күрес жүргізу барысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігінің тағы 14 қызметкері мен курсанты жанын пида етті. Марқұмдарға 2-ші және 3-ші дәрежелі “Айбын” ордені және “Жауынгерлік ерлігі үшін” медалі тағайындалды. Таңертеңгі ақпаратқа сүйенсек, содырлардың қолынан 164 адам қаза тапты. Олардың басым бөлігі Алматы қаласында көз жұмды. Арасында екі бала да бар. Сондай-ақ, орын алған бүлік салдарынан 2300-ге жуық адам зардап шеккен

Эльмира Садвокасова