Денсаулық сақтау

«Аңсаған сәби» аясында өңірде алғашқы нәресте өмірге келді

Міне, осылай бақытты ана Айнагүл Тәжібаева көптен күткен сәбиін еркелетуде. 37 жастағы келіншек тұңғышының есімін Ясмин деп қойған екен.

Айнагүл Тәжібаева:

– Қаңтардың 6-сы күні сағат 11:15-те тұңғышымыз өмірге келді. Салмағы – 3 келі 390 грамм. Ал бойы – 54 см. Қазіргі күні баланың да, өзімнің де жағдайым жақсы. Көптен бала сүйе алмай жүрген едік. Енді міне, көз қуанышымыз дүние есігін ашты. Үйде ата-әжесі, әкесі күтіп отыр.

12 жыл бойы сәби күткен Айнагүл Тәжібаева жолдасымен бірге «Аңсаған сәби» бағдарламасы жайлы естіп, оған қатысуға шешім қабылдайды. Сөйтіп, 9 айдан кейін жасанды ұрықтандыру арқылы қызын өмірге әкелді.

Айнагүл Тәжібаева:

– Осындай бағдарламаны ойлап тапқан жандарға алғысым шексіз. Біз сияқты бала сүйе алмай жүргендерге бұл үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Жоба жайлы мен өзім қаралып жүрген дәрігерден естідім. Сосын жолдасымыз екеуіміз ақылдасып, қатысамыз деп шештік. ЭКО жасау өте қымбат. Ал бағдарлама арқылы бұл процедура тегін жүргізіледі.

Жалпы, «Аңсаған сәби» бағдарламасы өткен жылы Президент тапсырмасы бойынша қолға алынды. Сөйтіп, 7 мың қазақстандық нәзікжанды сәби сүю мүмкіндігіне ие болған.

Виктор Проценко, облыстық перинаталдық орталықтың репродуктолог-дәрігері:

– Өткен жылы біздің өңірге 217 квота бөлінді. Қазіргі таңда жобаға 213 азаматша қатысып, 105-сі бағдарламаны оң нәтижемен аяқтап отыр. Яғни, олардың бүгіндері аяғы ауыр, сәбилерін күтіп жүр. Жалпы, облысымызға берілген квоталардың барлығы игерілді. Осы тұста айта кететін жайт, тегін жолдама бізде берілгенімен ЭКО процедурасын жасайтын қаланы нәзікжандылар өздері шешеді.

«Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында биыл өңірге бөлінетін квота саны тағы да арта түспек.

Магжан Ахмадина