Денсаулық сақтау

Әлемде 9,37 млрд адам коронавирусқа қарсы вакцина алған

Соңғы статистикаға сүйенетін болсақ, Біріккен Араб Әмірліктері коронавирусқа қарсы вакцина салу бойынша әлемде жетекші ел болып танылды. Қазіргі уақытта мұнда иммундауға жататын халықтың 100 пайызы індетке қарсы екпенің алғашқы дозасын салдырған. Ал иммундау шарасының толық курсынан халықтың 91%-ы өткен. Екінші орында – Португалия елі. Мұнда екпенің қос құрамын халықтың 90 пайызы қабылдаған. Қазір аталған елде 5-тен 11 жасқа дейінгі балаларға вакцина егу науқаны жүріп жатыр, ал АҚШ-та өткен аптадан бастап жасөспірімдерге Pfizer/BioNTech компаниясының үшінші екпесін егуге рұқсат берілді.

Джейсон Малей, дәрігер, АҚШ:

– Сонымен қатар, бустерлі дозаны 5 пен 11 жас аралығындағы иммундық жүйесі әлсіз балдырғандарға да алуға болады. Жаңа ереже бойынша үшінші дозаны 2-ші компоненттен кейін 5 айдан соң алуға рұқсат берілді. Мұндай нормативтік өзгерістер омикронның таралуына байланысты. Аталған штамм балалардың арасында жылдам тарай бастаған. Сол себепті, жаңажылдық демалыстан кейін АҚШ-тағы мыңдаған мектеп қашықтан оқытуға көшті.

Ал Германияда жасөспірімдерге екпенің қос компонентін алған соң бустерлі дозаны 3 айдан кейін салуға рұқсат берілді. Бұған дейін ересектерге де 3-ші екпені егуге болатын мерзімді қысқартқан болатын.

Карл Лаутербах, Германия денсаулық сақтау министрі:

– Билік мұндай шешімді елде коронавирустың таралуын тоқтату мақсатында қабылдады. Елімізде вакцина салдырғандар қатары көбейсе, адамдар пандемияның бесінші толқынын жеңіл өткереді деп ойлаймын. Соңғы кездері елде вирусты жұқтыру жағдайлары азайған болатын. Есесіне омикрон күшейе бастады. Қазірдің өзінде вирустың бұл түрі 12 мың адамнан анықталды.

Енді Үндістан еліне кезек берсек. Бүгіннен бастап мұнда 15 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдерді вакциналау басталды. Мемлекеттік статистика комитетінің мәліметінше, 1 млн 890 мың жеткіншекке екпе алуға болады. Соңғы күндері Үндістанда коронавирустың таралу қарқыны 3 есеге артқандықтан жастарды вакциналауды үдете түсу туралы шешім қабылданған.

Дана Ешкенова