МТРА жаңалықтары

Жаңа жылдың алғашқы күні облыста 17 сәби дүниеге келді

“Сіз қызды болдыңыз”! Осы бірауыз сөзден кейін Дина Небоганың көзінен еріксіз қуаныштың жасы төгілген. Нәзікжанды 4-ші сәбиін ұзақ күткен екен. Ол Юлия есімді нәрестені араға 9 жыл салып дүниеге әкелді. Перзенттің туған күні тура жаңа жылмен тұспа-тұс келді. Азаматша 31-інен 1-не қараған түні босанған.

Дина Небога, Жамбыл ауданының тұрғыны:

Әуел баста дәрігерлер босанатын күнді 31-іне белгілеген болатын. Болжам дәл келді. Негізі, жүктілігім бірқалыпты өтті. Ауырсынып, қиналған кездерім болмады. Ақ халаттылардың жәрдемдесуімен аман-есен қыз босандым. Нәрестемнің салмағы – 4 келі 300 грамм, бойы – 57 сантиметр.

Арада 2 сағат өткеннен кейін облыстық перинаталдық орталықта тағы бір іңгәлаған сәбидің үні естілді. Бұл жолы Әлия Әмержанова өзінің 3-ші қызын аман-есен босанған. Шақалақтың бойы 61 сантиметр болса, салмағы 4 келі 200 грамды құрайды. Қазір ана мен бөбектің жағдайы жақсы, үйлеріне шығаратын күнді асыға күтуде.

Әлия Әмержанова, қала тұрғыны:

Үшінші қызымды жеңіл босандым. Жаңа жыл болғанына қарамастан дәрігерлер бір сәтке де жалғыз қалдырған жоқ. Әрдайым қолдау көрсетіп, ақыл-кеңестерін айтып отырды. Еңбектері үшін басымды иіп, оларға алғысымды айтамын. Отбасы мүшелерімен келісіп, сәбиіміздің есімін Айару деп қойдық.

Жалпы, Жаңа жыл мерекесі түні облыстық перинаталдық орталықта 7 сәби дүниеге келді. Оның 5-уі – ер бала, қалғаны – қыз. Сиыр жылының соңғы минуттары шекесі торсықтай ұл өмірге келсе, жылдың басында ең бірінші боп қыз туды. Дәрігерлердің сөзінше, нәрестелердің барлығының жағдайы жақсы. Тіпті, басым бөлігі бірер күн бұрын аналарымен бірге үйлеріне шығарылған. Дегенмен, ақхалаттылардың айтуынша соңғы кездері бала туу көрсеткіші төмендеген.

Наталья Клебан, облыстық перинаталдық орталығының бөлімше меңгерушісі:

Алдыңғы жылдарға қарағанда өңірде босану деңгейі төмендеп бара жатқанын аңғардық. Мәселен, 2020-да орталықта 5 мыңнан астам әйел қабылдаған болатынбыз, ал былтыр 4690 нәресте дүниеге келді. Дегенмен, алдағы уақытта кішкентай қазақстандықтардың саны көбейеді деген үміттеміз.

Сөз соңында қоса кетейік, мерекелік демалыс күндері облыс аумағында 27 сәби дүниеге келген. Оның 13-і – қыз болса, 14-і – ер бала.

Алтынай Казиканова