МТРА жаңалықтары

Жаңажылдық дастарханға қандай тағам әзірлеу керек?

Алтынай Қазиқан, тілші

– Санаулы сағаттардан кейін жаңа Барыс жылы аяқ басады. Қыз-келіншектердің әрқайсысы мерекелік дастарханды ерекше етіп дайындауға тырысатыны сөзсіз. Дегенмен, үстелге тағамды қоймас бұрын кейбір жайттарды ескерген жөн. 20 жылдық еңбек өтілі бар аспаздың кеңестеріне құлақ түрейік!

Барыс жыртқыш аң болғандықтан мерекелік дастарханның төріне міндетті түрде ет қою керек. Дегенмен, мысық тұқымдасына жататын бұл жануар өте талғампаз келеді. Ол сиыр, қоян мен балықты мүлдем жемейді екен. Оның өзіндік себебі бар.

Ольга Яшкина, «Хан ауылы» мейрамханасының бас аспазы:

Шығыс аңыздарына сенсек, бұрындары бұқа мен барыс жауласып, барыс мүйіздіден жеңіліп қалған. Содан бері екі жануар бір-бірімен мүлде сыйыспайды. Сол себепті, сиыр етін үстелге мүлдем қоймаған абзал. Оның орнына мерекелік дастарханды жылқы, қой, шошқа және құс еттерімен толтыру керек.

Нәзікжандылар мереке күні бар уақытын ас үйде өткізбей, өзіне және отбасына көңіл бөлуді қалайды. Сондықтан, кейбірі барынша жеңіл әрі тез әзірленетін тағамдарды дайындауды жөн көреді. Аспаз ұсынып отырған қойдың қабырғалары мен көкөністерден жасалатын дәмді тағам жаңажылдық үстеліңіздің сәнін келтірері анық.

Ольга Яшкина, «Хан ауылы» мейрамханасының бас аспазы:

Шығыс тағамының құрамына қой еті, қызанақ, қызыл бұрыш және пияз кіреді. Оны әзірлеу үшін бар-жоғы 30-35 минут қажет. Осы ретте ас үй ханшайымдарына өзімнің кішігірім кеңесімді айтқым келеді. Қойдың қабырғаларын алдын ала қуырып алған дұрыс болады. Осылай уақытыңызды үнемдей аласыз.

Қой еті піскеннен кейін көкөністердің барлығын ірілеп турап, қазанға саламыз.

Көкөністер пісе бастаған кезде астың дәмін келтіру үшін чили тұздығын құйып, барлығын жақсылап тағы бір мәрте араластырамыз. Осымен мерекелік ас дайын. Соңында Ольга Яшкина тағамның бетіне күнзе шашып, Шығыс мәдениетіне сәйкес сәндеді. Астың иісі мұрын жарады. Әп-сәтте тәбетіңіз ашылады.

Алтынай Казиканова