МТРА жаңалықтары

Жаңа жылды жұмыста қарсы алатын жандар

Бұл – қаламыздағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі. Жаңа жыл түнінде мұнда 4-ші бөлімше кезекшілік атқарады. Қазір мамандар техниканың дайындығын тексеріп, әріптестерінен кезекшілік қабылдауда.

Биылғы мереке Азат Саматовтың есінде ұзақ сақталары айдан анық. Олай дейтін себебіміз, маман биыл бірінші рет Жаңа жылды қызметтік киімде, әріптестерімен бірге жұмыс орнында қарсы алмақ.

Азат Саматов, №1 қалалық мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері:

Жаңа жыл түнінде бірінші рет кезекшілік атқармақпын. Қалай өтетіні белгісіз. Бірақ, шақыртулар болатыны анық. Құтқарушы мамандығын өзім ұнатып тандағаннан кейін көмек көрсетуге әрқашан да әзірмін.

Келесі мекеме – облыстық Полиция департаментіне қарасты жедел басқару орталығы. Мерекелік кеште бұл жерде жұмыс қызбақ. Мамандар бір сәтке де кірпік қақпай, қаламен қоса аудандардың тыныштығын қамтамасыз етулері қажет. “Әдетте, Жаңа жыл түнінде түрлі қоңыраулар келіп түседі”,- дейді жедел кезекші Нұрлан Құсайынов.

Нұрлан Құсайынов, СҚО ПД жедел кезекшісі:

Ішкі істер органдарында 22 жыл қызмет атқарып келемін. Биыл жедел кезекші лауазымында алғаш рет Жаңа жылды қарсы алмақшымын. Осыған дейін кезекші аға инспектор болдым. Ол кездері де Жаңа жыл мерекесін жұмыста қарсы алғанмын. Бірақ лауазым жоғарылаған сайын жауапкершілік те артады. Биыл менімен кезекшілікке 10 адам түседі.

Полицейлер, құтқарушылармен бірге, медицина қызметкерлері де тынымсыз еңбек етеді. Жедел жәрдем қызметкерлері үшін бұл түн аса ауыр болмақ. Дилмурад Шавдуновтың сөзінше, мерекеде шақыртулар саны бірнеше есеге көбейеді.

Дилмурат Шавдунов, облыстық жедел жәрдем орталығының дәрігері:

Бұл менің жұмыс тәжірибемдегі алғашқы мерекелік кезекшілік емес. Шақыртулардың көбі тамақты көп мөлшерде жеп, ішімдік ішкендіктен өзін жайсыз сезіну және пиротехникалық заттарды дұрыс қолданбаудың салдарынан жарақат алуға қатысты болады. Бізде Жаңа жылды жұмыс орнында қарсы алуға мүмкіндік болмайды. Кезекшіліктен шыққаннан кейін ғана отбасымызбен дастархан басында атап өтеміз.

Облыстық перинаталдық орталық. Былтырғы Жаңа жыл түнінде бұл мекемеде 6 бала дүние есігін ашқан. Мерекелік кеште 24 ақхалатты қызмет атқарыпты. Биылғы кезекшілердің тізімінде Наталья Клебан да бар.

Наталья Клебан, облыстық перинаталдық орталығының бөлімше меңгерушісі:

Жаңажылдық түн – біз үшін кезекті кезекшілік. Әрине, бұл кеште мерекені қарсы алып, Президентіміздің құттықтауын тыңдап, әріптестерімізге жылы лебізімізді білдіргіміз келеді. Бірақ, оған уақыт бола бермейді. Акушер-гинекологтардың арасында мынандай қызықты наным-сенім бар: егер Жаңа жыл түнінде бірінші болып дүние есігін ұл бала ашса, жыл жайлы, тыныш болады, ал қыз туылса, жыл қызыққа, мерекелерге толы болады.

Алдияр Айтпаев, тілші:

– Антына адал, қызметіне құрметпен қарайтын мамандық иелерінің барлығына кезекшіліктері еш қиындықсыз өтсін дейміз және де баршаңызды Жаңа жылмен құттықтаймыз. 2022 бақыт, шаттық, қуаныш пен құт-береке әкелсін! Ел ішінен індет кетіп, қалыпты өмірге тезірек оралайық!

Алдияр Айтпаев