Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО үшін 2021 жыл қандай болды?

СҚ үшін 2021-ші жылдың басты жаңалығы – мемлекет басшысының қолдауымен қабылданған облысты дамытудың кешенді жоспары. Бұл нені білдіреді? 2026-шы жылға дейін өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін арттыруға 500 млрд теңге тартылмақ. Қаражаттың алғашқы бөлігі – 80 млрд теңге биыл бөлініп, біраз шаруа атқарылды. Өзгерістерге теріскейліктер қандай баға беруде?

– Соңғы рет мен 8 жыл бұрын болғанмын. Одан бері жақсы жағына өзгерді. Өте жақсы, ұнайды маған. Қаланың ішінде жақсы үйлер салып, орталық паркті дұрыстаған, жолдарды жөндеген.

– Біраз дүниелер салынып жатыр ғой. Көптеп тұрғын үйлер салынып жатыр. Баспанасыз жүрген жандарға жақсы ғой.

– 2021 жылы қалаға жаңа автобустар әкелді. Іші – таза, жылы. Жолаушыларға деген қызметі өте жоғары.

– Облыста көп зауыттар ашылып жатыр. Соның бірі – неміс комбайндарын шығаратын зауыт. Оның көмегімен ауыл шаруашылығында мол өнім жинай аламыз. Біз өте қуаныштымыз.

Қысқасы – 365 күннің ішіндегі өзгерістер ауыз толтырып айтарлықтай. Атқарылған шаруаның әрбіреуін жіпке тізетін уақыт жетті. Алдымен өңірдің тегеурінді күші саналатын аграрлы секторға тоқталайық. Биылғы жаз диқандардың есінде бұрын-соңды болмаған қуаңшылықпен есте қалмақ. Соған қарамастан, өңір аграрийлері жақсы меңгерген формула өз нәтижесін берді.

Дәл осы формуланы ұстанған жандар, 2-2,5 ай бойы бір тамшы жауынның болмағанына қарамастан гектарынан 20-24 центнер өнім жинады. Әйтпегенде ше. Биыл солтүстікқазақстандық аграрийлер 160 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізіп, 46 мың тонна элиталы тұқым септі.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жалпы тұқым алмастыру, минералдық тыңайтқыштар мен техника паркін жаңартуға 150 млрд теңге инвестиция құйылды. Бұл өз нәтижесін беріп те жатыр. Жыл басынан аграрлы секторда құны 890 млрд теңгенің өнімі шығарылды. Бұл 2020-мен салыстырғанда бақандай 111 млрд теңгеге артық.

144 млн теңгенің комбайны – 94 млн теңгеге! Бұл – өңірде «CLAAS» неміс зауытының ашылуының нәтижесі. Біздің аграрийлерге енді ауыл шаруашылығы техникасы 35 пайызға төмендетілген бағамен сатылуда. Мақсат – мұндай өндіріс ошақтарының санын арттыру.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Аграрлық саладағы маңызды бағыттардың бірі – мал шаруашылығы. Биыл агроөнеркәсіп саласында 37 млрд. теңгеге
36 жоба жүзеге асты, оның 27-сі мал шаруашылығында. Сүт шаруашылығын дамыту бойынша нақты мақсат қойдық. Биыл 16 ферманың құрылысын бастадық, 10 кешен іске қосылды. Келер жылы тағы 8 жаңа ферма салуды қолға алмақпыз. Қазір шаруалармен бұл мәселені пысықтап жатырмыз.


Өңір экономикасының тағы бір қозғатқышы – өнеркәсіп. Биыл аталған сектордағы кәсіпорындардың тапсырысы – 57 млрд теңгеге жуықтады. Келесі жылы межені 65 млрдқа дейін жеткізу көзделген. ЗИКСТО Қазақстан теміржол компаниясымен екіжылдық келісімшартқа отырды. «Cool infinity» 140 термовагон жинап, үштен бірін Ресейге экспорттады. Қаңтар айында ғана іске қосылған Солтүстік фанер комбинаты 11 мың текше дайын өнім шығарды. Зауыт бұрын тұралап қалған ғимаратта ашылды. Бұл да сәтті жүзеге асырылып жатқан облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың бастамасы.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өңір бойынша тұралап қалған ескі ғимараттардың жалпы аумағы 300 мың шаршы метр құраған болатын. Бүгінде оның 200 мыңы қайта қалыпқа келтіріліп, кәсіпорындардың бойына қан жүгірді. Бұл – қала кейпіне көрік келтіріп, нысанды жаңадан салуға кететін қаражатты айтарлықтай үнемдеуге септеседі. Петропавл электротехникалық зауыты, биг-бэг шығаратын кәсіпорындар – осы бастаманың жемісі.

Солтүстік Қазақстанды солтүстікқазақстандық өніммен қамту құрылыс саласына да қатысты. Аталған сектордағы материалдардың бағасы қалта қағарлық. Көрші өңірлер мен елдерден жеткізілетін импорттың үлесін азайту мақсатында, кірпіш зауытының құрылысы жүргізіліп жатыр. Кәсіпорында шығарылатын тауар өңір қажеттілігінің үштен біріп жаппақ.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бір кірпіштің құны біздің құрылыс компаниялары үшін 90-92 теңгені құрайды. Себебі, Көкшетау, Екібастұз сынды қалалардан жеткізілетіндіктен, логистикасы қымбатқа түсуде. Ал, өзімізде шығарылатын өнімнің бағасы әлдеқайда арзан болады. Қазір газоблок пен плиталарды жасайтын зауыттың құрылысы да өз мәресіне жетуде. Алдағы уақытта облыста темірбетон кәсіпорны да іске қосылады.

Кәсіпорындардың іске қосылуы құрылыс саласының одан әрі дамуына тың серпіліс бермек. Бүгіндегі жетістіктеріміз де – кеуде қағарлық. Сандарды сөйлетсек. Соңғы 4 жылдың ішінде баспаналарды тұрғызуға бюджеттен бөлінген қаржы 3 есеге артты. Екіншіден, коммерциялық үйлердің де саны артуда. 2017-де жеке компания қаражатына салынған баспана біреу-ақ болса, бүгінде 20-дан асып жығылады.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 2017 жылдан бері облыс орталығында 1 млн шаршы метр баспана қолданысқа енгізілді. Яғни, 30 мыңға жуық адам пәтерлі болды. Бұл ретте реновация жобасын атап өту қажет. Дәл осы бағдарламаның арқасында 6 мың шаһар тұрғынының тұрмыс жағдайы жақсарды. Ал, келесі 5 жылдың ішінде қабылданған облысты дамытудың кешенді жоспарының арқасында тағы 2,3 млн шаршы метр үй тапсырылады.

Облыс орталығы тұрғындарын қуантқан тағы бір жайт – автобустардың жаңартылуы. Биыл 100 заманауи, сыйымдылығы үлкен қоғамдық көлік сатып алынды. Яғни, парк техникасының 60 пайызы алмастырылды. Әрі электрондық билеттеу енгізілді. Қаламен бірге ауылдағы жағдай да жақсаруда, тіпті шаһармен теңесуде деуге болады. Үстіміздегі жылы елді мекендердегі тіршілік көзінің сапасын арттыруға басымдық берілді. Аталған мақсатқа 10,3 млрд теңге бағытталды. Бұл – рекордтық қаржыландыру. Ал, кешенді жоспардың арқасында ауылдар ауыз сумен 100 пайызға қамтылмақ.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қазір су тарифін көтеру мәселесі қарастырылуда. Бұл ретте ауылдағы ағайынға түсіндіріп жіберейін. Қымбаттайтыны тек тіршілік көзін елді мекенге әкелу құны ғана. Ол 2006-шы жылдан бастап өскен жоқ. Қалғаны мемлекет тарапынан толық субсидияланады. Мәселен, қазір 1 текше метр суды селоға жеткізу 850 теңгені құрайды. Оның 810-ы бюджеттен төленеді. Қалған 40 теңге тұрғындар тарапынан өтеледі. Яғни, бүгінде 1 фляга су 15 теңге тұрса, тариф өскенде 17 теңге болады.

Облысты дамытудың кешенді жоспары жол мәселесін де айналып өтпейді. Жобаға сәйкес, 2026 жылға дейін өңірдің 2100 шақырымы қалыпқа келтірілмек. Оң өзгерістер елді мекендерде де орын алады. 350 ауылдың ішкі жолдарын жөндеу көзделген. Интернет бойынша сұрақ да шешіліп келеді. Өткен жылы желілер 118, биыл тағы 40 селоға тартылды. Олардың барлығында тұрғындар саны 250-ден асады. Енді ауылдағы ағайын саны аз елді мекендерге де басымдық берілмек. Алдағы уақытта 69 ауылдың азаматтары заман игілігінің қызығын көрмек.

Өңірдегі әлеуметтік сала да адам танымастай өзгеруде. Жылма-жыл білім, медицина мен спортқа облыс бюджетінің жартысынан астамы бөлінеді. Білім саласына кеңінен тоқталсақ…

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Келесі жылы 1200 орындық екі жатақхананың құрылысын бастаймыз. Бұл қаламыздағы алғашқы заманауи жатақхана болмақ. Оған қоса, 2026 жылға дейін 15 жаңа мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Осының арқасында мектептердің жүктемесін азайтып, үш ауысымдық оқу мәселесін шешеміз.

Ұлт саулығы – басты назарда. Қазір облыс орталығында медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру бойынша жұмыстар істеліп жатыр. Келесі жылдың соңында заманауи көпбейінді ауруханаға қолданысқа беріледі. Ал, Береке мен Жас өркен ықшам аудандарында бір ауысымда 250 адамды қабылдай алатын емхана халық игілігіне тапсырылмақ. Денсаулық сақтау ұйымдары елді мекендерде де бой көтереді. 2026-ға дейін 47 медициналық нысан ашу жоспарланған.

Қаныш Бижанов, СҚО вирусқа қарсы қауіпсіздік орталығының жетекшісі:

– Медициналық қондырғылар жаңартылуда. Биыл қалалық және аудандық ауруханаларға 128 бірлік аппарат сатып алынды. Атап айтар болсақ, база МРТ, рентген, эксперттік санаттағы ультрадыбыстық зерттеу, электрокардиографтармен толықты. Атқарылған шаруа өз нәтижесін беріп жатыр. Мәселен, алтыншы компьютерлік томографты алғаннан кейін, зерттеулер саны 12 пайызға өсті. Яғни, КТ-дан 25 мың адам өтті.

2021-ші жылы спортпен шұғылданатын солтүстікқазақстандықтардың саны өсті. Неге десеңіз бұқаралық спортпен айналысуға мүмкіндік те артты. Биыл 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 4 жабық хоккей корты, 21 шағын футбол алаңы сынды барлығы 42 нысан қолданысқа тапсырылды. Шаруа келесі жылы да жалғаспақ.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Келесі жылы 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 6 хоккей кортының құрылысы жүргізілмек. Ал, облыс орталығында 3 мың орынға шақталған, халықаралық стандарттарға жауап беретін Спорт сарайы бой көтереді. Сондай-ақ, Қарасай стадионын реконструкция күтіп тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінде облыс бойынша 3 мыңнан аса бала спорттық секцияларға тегін қатысады. Яғни, дәл осынша жанұя отбасылық бюджетінің айына кемінде 10-20 мың теңгесін үнемдеуде.

Бүгінде жасалып жатқан жағдайдың арқасында, ертең біздің өңірден облыс пен ел намысын халықаралық жарыстарда қорғайтын жеңімпаздар шықпақ. Биыл да спорт саласында жеңістер аз болмады.

Қызылжар футбол клубы соңғы 20 жылдың ішінде алғаш рет премьер лигада 4-ші орынға көтерілді. Тарихи жеңістерінің арқасында жергілікті аяқдоп шеберлері 2022-де УЕФА-ның конференция лигасына қатысады. Есіл мен Қуаныш волейбол клубтары Ұлттық лиганың қола жүлдегерлері атанды. Соңғылары алғаш мәрте Қазақстан кубогының 3-ші орнын иеленді. Барс баскетболшылары да барша теріскейліктерді қуантты. Команда барлық қарсыластарын қоғадай жапырып, жеңіске жетті.

Эльмира Садвокасова