Құқық қорғау органдары

Учаскелік полицейлердің қызметтік формасы ауыстырылады

Жиын барысында полиция қызметкерлерінің жұмысын “сервистік үлгіге” көшіру жайлы сөз қозғалды. Яғни, бұдан былай тәртіп сақшылары тұрғындардың өтінішін қабылдап қана қоймай, консультация жүргізіп, жерлестеріміз тарапынан түскен сұрақтарға тұшымды жауабын бермек.

Марат Төлебаев, СҚО ПД бастығы:

– Учаскелік полицейлердің де құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында атқарған жұмыстары орасан. Жақын арада бұл мамандардың қызметтік формалары ауыстырылатын болады.

“Полицияның қадамдық қолжетімділігін” арттыру мақсатында бірқатар шаруа атқарылды. Мәселен, жақында 2 ауылдық округте полиция пункті салынып, 3 жаңа модульдік полиция бекеті орнатылды. Тәртіп сақшылары қызмет ететін нысандардың барлығына бейнебақылау камерасы орнатылды. Жергілікті департамент бастығының орынбасары Руслан Назаров өз баяндамасында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша іс-шараларды күшейту керектігін айтты.

Руслан Назаров, СҚО ПД бастығының орынбасары:

– Тұрғындар арасында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Осы мақсатта түрлі іс-шаралар ұйымдастыру қажет. Себебі, жолдағы оқыс оқиғалар саны мен интернет-алаяқтық қылмысы 44,4 пайызға өсті.

Жиын соңында өңірдің бас полицейі Марат Төлебаев қалалық және аудандық полиция бөлімшелері бастықтарына бірқатар тапсырмалар берді.

Маржан Касымбек