Денсаулық сақтау

СҚО-да вакцинаның қос компонентін 254 мың адам алған

53 жастағы Анжелика Османова қаладағы сауда үйлерінің бірінде сатушы болып қызмет етеді. Жұмыс барысында байқаусызда коронавирус жұқтырып алып, келіп-кетушілердің өміріне қауіп төндіремін бе деп алаңдайды. Сондықтан, вакцина алуды шешкен. Екпенің алғашқы компонентін 21 күн бұрын салдырған екен. Бүгін кезектісін қойдырды.

Анжелика Османова, қала тұрғыны:

– Таныстарым өзімізде әзірленген «QazVac» екпесін алуға ұсыныс берді. Отандық вакцинадан кейін әлсіздік те болған жоқ, температура да көтерілген жоқ. Өзімді жақсы сезіндім. Алдағы уақытта міндетті түрде ревакцинациядан да өтемін.

Ал Ангелина Анихина осыдан 2 ай бұрын екінші перзентін дүниеге әкеліпті. Сәбиі ана сүтін қабылдамағандықтан жасанды жолмен тамақтандырады. Сондықтан, 24 жастағы келіншек өзі және ұлдарының қауіпсіздігі үшін вакцина алуды шешкен. Дәрігерлер Ангелинаға «Спутник-V» екпесін алуға кеңес беріпті.

Ангелина Аникина, қала тұрғыны:

Вакцина алуды бұрыннан ойлап жүрген едім. Себебі, балаларым кішкентай. Перзенттерімді коронавирустан сақтау үшін ең алдымен өзім иммундау шарасынан өтуді шештім.

Қаладағы Dostyq Mall сауда-ойын-сауық орталығындағы вакциналау қосыны жұмысын көктемде бастаған болатын. Дәрігерлер күніне 50-ден астам тұрғынды иммундау шарасынан өткізеді. Ал жазда екпе салдыруға ниет білдіргендердің саны 3 есе көп болған екен.

Жұлдыз Қаскенов, №1 қалалық емхананың фельдшері:

– Мұндағы дәрігерлер келіп-кетушілерді таңғы 11-ден кешкі 7-ге дейін қабылдайды. Егер тұрғын вакцинаның бірінші компонентін емханада алса, екіншісін осында келіп қабылдауына мүмкіндік бар.

Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысында вакциналауға жататын тұрғындардың 254 мыңы екпенің 2 компонентін де алған екен.

Маржан Касымбек