Қылмыс

СҚО-да полицейлер ауыл тұрғынынан атыс қаруы мен оқ-дәрілер тәркіледі

Бір басында бірнеше қару болған! Солтүстікқазақстандық полицейлер Ғ.Мүсірепов ауданына қарасты Разгульное ауылының тұрғынынан бірде-бір құжаты жоқ 3 винтовка, 5 мылтық пен 1 тапанша және мыңнан астам оқ-дәрі тәркіледі.

Мұздай қаруланған жан құқық қорғаушылардың назарына осы күзде ілініпті. Мамандар желтоқсанға дейін тиісті жұмыс жүргізіп, теріскейліктің расымен де заңсыз қаруларға иелік ететінін анықтаған. Оның үйін тінту кезінде адам өміріне аса қауіпті дүниелер кереуеттің астынан, шкафтардан табылған. Күдікті қамауға алынды. Қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Тергеушімен әңгіме барысында азамат тәркіленген заттарды көктемде өзеннен тауып алдым деген екен. Мамандар оған қатысты қандай жазалау шарасы қолданылатыны алдағы уақытта жария етілетінін мәлімдеді.

Байболат Култанов