Денсаулық сақтау

СҚО-да 53 мыңнан астам қария вакцина алған

Пандемия басталғалы өңірде 35 мыңға жуық солтүстікқазақстандық індетке шалдыққан. Шамамен 90 пайызы аты жаман аурудан құлан-таза айығып шығыпты. Өкінішке қарай, 400-ден астам жерлесіміз инфекциядан ажал құшқан. Көз жұмғандардың 75 пайызы – егде жастағы тұрғындар. Сондықтан, дәрігерлер екпе алу керектігін айтып дабыл қағуда. Себебі, вакцинация – дерттен сақтанудың бірден бір жолы.

Валентина Васильева, қала тұрғыны:

Ертеңіміздің қандай болатыны бүгінімізге тікелей байланысты. Коронавирустан тезірек құтылғыңыз келсе, ақ халатты абзал жандардың айтқанын тыңдап, таңдау жасайтын кез келді. Біз қай жеріміз ауырса да сол жандарға жүгінеміз. Дәрігерлер қолдан келгенше көмектерін көрсетіп жатыр. Өзіміз де жауапкершілік танытайық.

Коронавирусқа кәмелет жасқа толмаған балалар мен 60-тан асқан қариялар шалдыққыш келетіндігі жасырын емес. Себебі, бұл кезеңде тұрғындардың иммунитеті әлсіз келеді. Денсаулығын бәрінен де жоғары қоятын зейнеткер Валентина Васильева 1 ай бұрын вакцинаның қос компонентін де алған екен.

Валентина Васильева, қала тұрғыны:

Мен қоғамдық орындарда өтетін іс-шараларға жиі қатысамын. Қаладағы құрбы-құрдастарыммен кездесіп отырам. Абайсызда вирус жұқтырып алып, өзімнің және жақындарымның өміріне қауіп төндіруден сескенем. Аты жаман аурудан қорғану үшін вакцина алдым. Екпеден кейін аздап әлсіздік сезіндім. Одан басқа кері әсер байқаған жоқпын.

Бүгінле Валентина Михаиловна секілді солтүстікқазақстандық 53 мыңнан астам қария вакцинаның қос компонентін алған.

Маржан Касымбек