Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдікте жыл қорытындыланды

365 күннің ішіндегі өзгерістер ауыз толтырып айтарлықтай. Барлығын жіпке тізіп, атқарылған шаруаларға лайықты баға беретін уақыт жетті. Алдымен өңірдің тегеурінді күші саналатын аграрлы секторға тоқталайық. Биылғы жаз диқандардың есінде бұрын-соңды болмаған қуаңшылықпен есте қалды. Соған қарамастан өңір аграрийлері жақсы меңгерген формула өз нәтижесін берді.

Дәл осы формуланы ұстанған жандар, 2-2,5 ай бойы бір тамшы жауынның болмағанына қарамастан гектарынан 20-24 центнер өнім жинады. Әйтпегенде ше. Биыл солтүстікқазақстандық аграрийлер 160 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізіп, 46 мың тонна элиталы тұқым септі.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жалпы тұқым алмастыру, минералдық тыңайтқыштар мен техника паркін жаңартуға 150 млрд теңге инвестиция құйылды. Бұл өз нәтижесін беріп те жатыр. Жыл басынан аграрлы секторда құны 890 млрд теңгенің өнімі шығарылды. Бұл 2020-мен салыстырғанда бақандай 111 млрд теңгеге көп.

144 млн теңгенің комбайны – 94 млн теңгеге! Бұл – өңірде «CLAAS» неміс зауытының ашылуының нәтижесі. Біздің аграрийлерге енді ауыл шаруашылығы техникасы 35 пайызға төмендетілген бағамен сатылуда. Мақсат – мұндай өндіріс ошақтарының санын арттыру.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Аграрлық саладағы маңызды бағыттардың бірі – мал шаруашылығы. Биыл агроөнеркәсіп саласында 37 млрд теңгеге 36 жоба жүзеге асты, оның 27-сі – мал шаруашылығында. Сүт шаруашылығын дамыту бойынша нақты мақсат қойдық. Биыл 16 ферманың құрылысын бастадық, 10 кешен іске қосылды. Келер жылы тағы 8 жаңа ферма салуды қолға алмақпыз. Қазір шаруалармен бұл мәселені пысықтап жатырмыз.

Өңір экономикасының тағы бір қозғалтқышы – өнеркәсіп. Биыл аталған сектордағы кәсіпорындарға түскен тапсырыс көлемі 57 млрд теңгеге жуықтады. Келесі жылы межені 65 млрд-қа дейін жеткізу көзделген. ЗИКСТО Қазақстан теміржол компаниясымен екіжылдық келісімшартқа отырды. «Cool infinity» 140 термовагон жинап, үштен бірін Ресейге экспорттады. Қаңтар айында ғана іске қосылған Солтүстік фанер комбинаты 11 мың текше дайын өнім шығарды. Зауыт бұрын тұралап қалған ғимаратта ашылды. Бұл да сәтті жүзеге асырылып жатқан облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың бастамасы.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өңір бойынша тұралап қалған ескі ғимараттардың жалпы аумағы 300 мың шаршы метрді құраған болатын. Бүгінде оның 200 мыңы қайта қалыпқа келтіріліп, кәсіпорындардың бойына қан жүгірді. Бұл – қала келбетіне көрік келтіріп, нысанды жаңадан салуға кететін қаражатты айтарлықтай үнемдеуге септеседі. Петропавл электротехникалық зауыты, биг-бэг шығаратын кәсіпорындар – осы бастаманың жемісі.

Солтүстік Қазақстанды солтүстікқазақстандық өніммен қамту құрылыс саласына да қатысты. Аталған сектордағы материалдардың бағасы қалта қағарлық. Көрші өңірлер мен елдерден жеткізілетін импорттың үлесін азайту мақсатында кірпіш зауытының құрылысы жүргізіліп жатыр. Кәсіпорында шығарылатын тауар өңір қажеттілігінің үштен біріп жаппақ.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бір кірпіштің құны біздің құрылыс компаниялары үшін 90-92 теңгені құрайды. Себебі, Көкшетау, Екібастұз сынды қалалардан жеткізілетіндіктен, логистикасы қымбатқа түсуде. Ал өзімізде шығарылатын өнімнің бағасы әлдеқайда арзан болады. Қазір газоблок пен плиталар жасайтын зауыттың құрылысы да өз мәресіне жетуде. Алдағы уақытта облыста темірбетон кәсіпорны да іске қосылады.

Кәсіпорындардың іске қосылуы құрылыс саласының одан әрі дамуына тың серпіліс бермек. Бүгіндегі жетістіктеріміз де кеуде қағарлық. Сандарды сөйлетсек. Соңғы 4 жылдың ішінде баспана тұрғызуға бюджеттен бөлінген қаржы 3 есеге артты. Екіншіден, коммерциялық үйлердің де саны артуда. 2017-де жеке компания қаражатына салынған баспана біреу-ақ болса, бүгінде 20-дан асып жығылады.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 2017 жылдан бері облыс орталығында 1 млн шаршы метр баспана қолданысқа енгізілді. Яғни, 30 мыңға жуық адам пәтерлі болды. Бұл ретте реновация жобасын атап өту қажет. Дәл осы бағдарламаның арқасында 6 мың шаһар тұрғынының тұрмыс жағдайы жақсарды. Ал келесі 5 жылдың ішінде қабылданған облысты дамытудың кешенді жоспарының арқасында тағы 2,3 млн шаршы метр үй тапсырылады.

Облыс орталығы тұрғындарын қуантқан тағы бір жайт – автобустардың жаңартылуы. Биыл 100 заманауи, сыйымдылығы үлкен қоғамдық көлік сатып алынды. Яғни, қоғамдық көлік паркінің 60 пайызы жаңаланды әрі электрондық билеттеу енгізілді. Қаламен бірге ауылдағы жағдай да жақсаруда, тіпті шаһармен теңесуде деуге болады. Үстіміздегі жылы елді мекендердегі тіршілік көзінің сапасын арттыруға басымдық берілді. Аталған мақсатқа 10,3 млрд теңге бағытталды. Бұл – рекордтық қаржыландыру. Ал кешенді жоспардың арқасында ауылдар сапалы ауызсумен 100 пайызға қамтылмақ.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қазір су тарифін көтеру мәселесі қарастырылуда. Бұл ретте ауылдағы ағайынға түсіндіріп жіберейін. Қымбаттайтыны – тек тіршілік көзін елді мекенге әкелу құны ғана. Ол 2006 жылдан бастап өскен жоқ. Қалғаны мемлекет тарапынан толық субсидияланады. Мәселен, қазір 1 текше метр суды селоға жеткізу 850 теңгені құрайды. Оның 810-ы бюджеттен төленеді. Қалған 40 теңге тұрғындар тарапынан өтеледі. Яғни, бүгінде 1 фляга су 15 теңге тұрса, тариф өскенде 17 теңге болады.

Облысты дамытудың кешенді жоспары жол мәселесін де айналып өтпейді. Жобаға сәйкес, 2026 жылға дейін өңірдің 2100 шақырымы қалыпқа келтірілмек. Оң өзгерістер елді мекендерде де орын алады. 350 ауылдың ішкі жолдарын жөндеу көзделген. Интернет бойынша сұрақ да шешіліп келеді. Өткен жылы желілер – 118, биыл тағы 40 селоға тартылды. Олардың әрқайсысында тұрғындар саны 250-ден асады. Енді ауылдағы ағайын саны аз елді мекендерге де басымдық берілмек. Алдағы уақытта 69 ауылдың азаматтары заман игілігінің қызығын көрмек.

Эльмира Садвокасова