Ауыл шаруашылығы

Қызылжар ауданында тауарлы-сүт фермалары ашылды

Тауарлы-сүт фермасынан тұрақты жұмыс орнын тапқандардың бірі – Берік Үкібасов. Березовка ауылының тұрғыны бұған дейін қалада қызмет еткен. Ауылда тұрған соң екі ортада шапқылай беру де оңай емес дейді. Ал мына жұмыс үйге де жақын, жалақысы да жоғары. Ең бастысы, уақытында төленеді.

Берік Үкібасов, серіктестік жұмысшысы:

–  Бұрын қалада күзетші болып істедім. Қиын болды. Күнде барып келу үшін жол мен тамаққа көп қаржы кетеді. Ал ферма ашылған соң тұрмысымыз да жақсара бастады. Жұмысым үйдің жанында. Келемін деген адамдарға жұмыс орны бар.

Жаңа құрылған шаруашылықта 150 бас сауын сиыр бар. Асыл тұқымды мал асыраудың машақаты да аз емес. Симментал сиырлары үйдегі ірі қаралар секілді көк шөпті шабылған күйі жей бермейді. Оны үгітіп, түрлі дәрумен араластырып беру керек. Сәйкесінше, алар сүт де мол болады.

Асхат Сандыбаев, «Rich Nomad Nord» ЖШС директорының орынбасары, Қызылжар ауданы:

Бір сиыр орташа есеппен күніне 18 литр сүт береді. Өнімділігі үйдегі малдан 3 есе көп. Алдағы уақытта ақты жергілікті «Маслодел», «Молсервис», «Зенченко» сияқты сүт өңдеу зауыттарына жөнелтеміз. Қазіргі күні құрылыс жұмыстары әлі біткен жоқ. Ферма келесі жылы толық қуатта іске қосылады.

Жобаны жүзеге асыру үшін ферма басшылығы мемлекеттің қолдауына жүгініп 1 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған екен. Көктемде мамандар мұнда тағы 440 бас симментал тұқымды сиыр әкеліп, малдардың санын толықтырмақшы. Сондай-ақ, көктемде сиыр қораның жанындағы сауын кешені мен бұзау тұратын нысанның құрылысы аяқталады. Бүгінде мұнда 12 адам қызмет етуде, құрылыс жұмыстары тәмамдалған соң кәсіпорынға тағы 20-ға жуық адам жұмысқа алынады.

«Петерфельд Агро» серіктестігі де сүт өндіру бағытындағы шаруаны мықтап қолға алған. Мұндағы іскер жандар кәсіптің бұл түрімен 10 жылдан аса айналысып келеді. Қазіргі күні қораларында «симментал» және «қара шұбар» тұқымды 3 жарым мың бас сауын сиыр тұр. Жақында олардың қатары тағы 600-ге жуық ірі қарамен толықты.

Александр Фомичев – «Петерфельд Агро» ЖШС басшысы, Қызылжар ауданы:

Біз 2021 жылы 60 басқа арналған жаңа тауарлы-сүт кешенін тұрғызуды бастадық. Қазіргі күні құрылыстың басым бөлігі аяқталып қалды. Ішкі-сыртқы өңдеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бізге мемлекеттен сатып алынған малдың әрбіреуі үшін 770 мың теңге субсидия берді және жемазық алуға да көмек көрсетілді. Толық қуатта іске қосылған соң күніне 15-20 тонна сүт сауатын боламыз. Ал сиырлардың күтімімен 17 адам айналысады.

Петерфельд ауылындағы кәсіпорын елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып отыр. Қазіргі күні іргелі өндіріс ошағында жалпы есеппен 60-тан аса адам қызмет етеді. Ал мамандарын ауылда ұстап қалу үшін басшылық оларға мынадай кең әрі сапалы үй салып беруде. Ішінде тұрмысқа қажетті жабдықтың барлығы бар. Жылу мен ауызсу да орталықтандырылған желіден беріледі екен.
Бір нысанның құрылысы аяқталса, екіншісінікі жүріп жатыр. Бүгінде Архангельское ауылында 5 мың тоннаға арналған элеватор салынуда. Жобаны «Ер Агро» серіктестігі қолға алған.

Анатолий Усолкин, «Ер-Агро» ЖШС директорының орынбасары, Қызылжар ауданы:

9 мың гектар жеріміз бар. Түрлі майлы және дәнді дақыл егеміз. Жерден алатын өнім жыл сайын артып келеді. Ырыздық мол болған соң оны ысырап қылмай дұрыс кептіріп, сақтайтын жер керек. Сол себепті, элеватор салуды жөн көрдік. Жобаның құны – 300 млн теңге.

Қызылжар ауданынының кәсіпкерлері агро саласының барлық бағытын дамытқысы келетін сыңайлы. Аталған елді мекенде құс фабрикасының да құрылысы аяқталуға жақын. Кәсіпорында 2022-ден бастап 1 жылда 1200 тоннаға дейін ет өндірілмек.

Бердимурат Баймухан