Қылмыс

Инвестиция жасаймын деп ақшасынан айырылды

Инвестиция жасаймын деп 3 миллион теңгесінен айырылды. Петропавлдық тұрғындардың тағы біреуі интернет алаяқтардың құрығына ілінді. 46 жастағы ер азамат оңай жолмен ақша табу туралы ақпаратты инстаграм әлеуметтік желісінен тауыпты. Бағын сынап көрмекші болып, ұсынылған сілтеме бойынша платформада тіркеледі. Көп кешікпей оған өздерін брокерлік сайттың өкілдеріміз деп таныстырған адамдар хабарласады.

Алаяқтардың нұсқауы бойынша жәбірленуші оларға 65 мың теңгесін аударады. Біраздан соң сайтта табысы еселенгені туралы ақпарат келеді. Мұны көрген қала тұрғыны құмарланып бірден екі банктен миллион теңгеден несие алады және танысынан қарызға 850 мың теңге ақша сұрап жиған-тергенінің бәрін «инвестицияға» құя салады. Бұдан кейін алаяқтар ер адаммен байланысқа шықпай, зым-зия жоқ болып кеткен. Қазіргі күні аталған факті бойынша тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр.

Бердимурат Баймухан