Билік

Биыл өңірде түрлі деңгейдегі 76 әкім сайланды

Үстіміздегі жылдың қаңтар айында ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы өтті. Ал шілденің 25-сі күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ауыл әкімдерін тікелей сайлау ұйымдастырылды. Яғни, бұл жолы атқамінерлерді депутаттар емес, ауылдағы ағайынның өзі таңдады.

Сергей Калинин, облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

Біздің өңірде сайлауға 256 кандидат түсті. Олардың 176-сы өзін-өзі ұсынды. Қалғандары партиялардың атынан қатысты. Саяси дода кезінде 21 үміткер түрлі себептермен сайлаудан шығып қалды. Жалпы, аталған саяси науқан облысымыздың 218 ауылында өтті.

Аққайыңдар өлкесінде саяси додаға сайлаушылардың 86,3% қатысқан. Ең жоғары көрсеткіш М.Жұмабаев ауданының – Ұзынкөл, Тайынша ауданының – Теңдік және Уәлиханов ауданының Қаратерек ауылдық округтерінде тіркеліпті. Аталған елді мекен тұрғындары 100%-ға ат салысқан. Ең төмен көрсеткіш те Тайыншаға тиесілі. Мұндағы Зеленогай ауылдық округі халқының 62%-ы ғана белсенділік танытқан екен.

Сергей Калинин, облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

Сайланған әкімдердің 58-і – мемлекеттік қызметші. 42 ауылдық округте атқамінерлер қайта сайланды. Сондай-ақ, өзін-өзі ұсынған азаматтардың 8-і жеңіске жетті. Әкімдердің орташа жасы 42 жасты құрады. Ең жас әкім 29 жаста болса, ең үлкені – 62-де.

Сөз соңында айта кетейік, алдағы жылы ауылдық деңгейдегі 27 әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталады. Сондықтан, 2022-де саяси іс-шара тағы облыстың 11 ауданында өтпек.

Дана Ешкенова