Денсаулық сақтау

30 мыңнан астам солтүстікқазақстандық ревакцинацияланды

Ахмет Хусейн вакцинаның маңыздылын жақсы біледі. Шетелдік азамат COVID-19-ға қарсы екпенің алғашқы қос құрамын Қытай елінде салдырыпты. Ал бүгін жергілікті Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқытушысы ретінде ревакцинациядан №3-ші қалалық емханада өтуде.

Ахмет Хусейн, химия-биология бағытындағы НЗМ мектебінің оқытушысы:

– Вакцинаны қауіпсіздігім үшін алдым. Алғашқы қос компонентті алғаннан кейін өзімді жақсы сезіндім. Ешқандай шағым болған жоқ. Жаңа ғана тиісті препараттың қосымша құрамын алып шықтым. Емханада барлық жағдай жасалған. Вакцина – бұл COVID-19-бен күресудің жалғыз жолы.

Ревакцинация науқаны өңірімізде 22-ші қарашада басталды. Содан бері №3 қалалық емханада күніне 70-80 адам екпе қойғызады екен. Бүгінге дейін 1900-ден астам тұрғын қосалқы құраммен иммундалыпты. Айта кету қажет, мекемеде вакцина салуға арналған бірнеше кабинет мен бір мобильдік топ жұмыс істейді.

Мәриямгүл Сариева, №3 қалалық емхананың жалпы тәжірибедегі дәрігері:

3-ші қалалық емханада екпе егу ақпан айынан басталды. Осы уақыт аралығында 20 мыңнан астам адамға вакцина салынды. Емханамызда вакцина салатын 3 кабинет бар.Вакцина қоймас бұрын әрбір келуші дәрігердің бақылауында болады.

№2 қалалық емханада да екпе егу науқаны жүргізіліп жатыр. Мекемеде ревакцинациядан өтуге келген тұрғындарға – “QazVac”, ал жүкті әйелдер мен кәмелетке толмаған балаларға “Pfizer” вакцинасы салынады.

Фарида Мұхамеджанова, №2 қалалық емхананың дәрігер-эпидемиологы:

Емханада тіркеуде тұрған 48 мың тұрғын екпе егуге жатады. Бүгінге дейін 36 мыңы қос компонентті де алды. 1800 адамның ревакцинациядан өтетін уақыты келді. 400-ден астам жан “Pfizer” екпесін салдырды. Оның 320-сы – жасөспірім ұл-қыздар. Қалғаны – жүкті және бала емізетін әйелдер.

Енді жалпы статистикаға тоқталайық. Бүгінге дейін өңірімізде ревакцинациядан 30 мыңнан астам теріскейлік өтіп үлгерген. Ал екпенің қос құрамын алған жандардың саны 254 мыңнан асып жығылады.

Алдияр Айтпаев