Денсаулық сақтау

СҚО-да 2 мыңнан астам жасөспірім иммундау шарасының толық курсынан өтті

Бүгінде М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінде 600-ден астам кәмелетке толмаған бала білім алады. Олардың көбі коронавирусқа қарсы вакцина алуға ниет танытқан. Бүгінде араларында америкалық екпенің 2-ші дозасын салдыртып жатқандар да бар.

Бағлан Омарова, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің оқытушысы:

– Бүгін 40 студентіміз америкалық вакцинаның 2-ші дозасын қабылдады. Жағдайлары жақсы.

Вакцинаның 2-ші компонентін алған колледж студенттері 3 күн бойы дәрігерлердің бақылауында болады. Әзірге, жасөспірімдер тарапынан ешқандай шағым түспепті.

Надежда Сабитова, №1 қалалық емхананың дәрігері:

– Жасөспірімдерге вакцина қойылмас бұрын ата-аналарының рұқсаты алынады. Кейін ұл-қыздар тексерістен өтеді. Егер ешқандай қарама-қайшылық байқалмаса, екпе қойылады. Жалпы, “Comirnaty” препараты – жастар үшін қауіпсіз. Бұған дейін кері әсер тіркелген жоқ.

Бүгінгі таңда аққайыңдар өлкесінде “Comirnaty” екпесін 6 мың 200-ге жуық адам салдыртқан. Иммундау шарасына қатысқандардың 5 мыңға жуығы – 12 жастан асқан ұл-қыздар. Қалғаны – жүкті және бала емізетін әйелдер. Сондай-ақ, 2 мың 700-ге жуық адам препараттың қос компонентін де алған.

Дана Ешкенова