Қоғам

Облыс орталығының бас шыршасы жағылды

Тұңғыш Президент саябағына жиналған халықтың қарасы қалың. Мұз қалашықтағы балалар мәз-мейрам күйде асыр салып ойнап жүр, ал үлкендер мерекелік концертті тамашалау үстінде.

Балаларды көп күттірмей ортаға Аяз ата мен Ақшақар шықты. Бұл жолы мерекелік кештің басты кейіпкерлері діттеген жерге ерекше үлгідегі көлікпен жетіп, жиналған қауымды таңғалдырды. Енді шыршаны жағу ғана қалды.

Шыршаның жарық шамдары қосылды. Осы сәтте 30 метрлік мереке сәні жарқырап, айнала жарқ-жұрқ етіп құлпыра түсті. “Биылғы шырша ерекше көрікті дейді”, – тұрғындар.

Биылғы Жаңа жыл мерекесіне біздің қаламыз ерекше безендірілген. Қаламызға келген барлық қонақтар да, тұрғындар да дән риза.

– Шырша өте әдемі. Өткен жыл жаман болмады. Бірақ, барлық ауыртпалық осы 2021-де қалсын.

– Көңіл-күй тамаша. Отбасымызбен келдік. Жаңа жыл бәрімізге құтты болсын! Деніміз сау болсын!

Жаңа жыл мерекесіне орай қаламыздың орталығы ғана емес, өзге де аудандары көркейе түсті. Биыл шаһардың түкпір-түкпіріне 4 мұз қалашығы салыныпты.

Азат Ибраев, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы:

– Біріншісі – осы облыстың әкімдіктің қарама-қарсысында. Екіншісі – қалалық әкімдіктің жанында. Тағы біреуі – Береке ықшам ауданында және Қизатов пен Шухов көшелерінің қиылысында. Бюжеттен ақша шығарылған жоқ. Бұл – өңір кәсіпкерлерінің тұрғындарға деген сыйы.

Мерекелік кеште қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашты.

Алдияр Айтпаев