Қылмыс

Интернет-алаяқтардан абай болыңыз!

Интернет арқылы сауда жасарда абай болыңыз! Әсіресе, сатушы алдын ала төлем жасауды сұраса, жеті рет өлшеп, бір рет кескен жөн. Себебі, жыл басынан бері өңірімізде 300-ге жуық адам осындай сценарий бойынша сан соғып қалған. Яғни, бәз біреудің шотына мерзімінен бұрын ақша аударып, ақыры-соңында бармақ тістеген. Айлакерлердің арам ойларын жүзеге асырмас үшін полицейлер еріктілермен бірлесе жұмыс жүргізуде.

Батыр Нұрмағамбет, ерікті:

– Біз тұрғындарға ақпараттық жаднама таратып, қауіп жайлы айттық. Әңгіме барысында кей адамдар алдануға сәл қалғандарын, ал кейбірі бұған дейін алданғандарын айтты.

Ұжымдық іс-шара өз нәтижесін беруде. Бүгінгі қоғамда күннен-күнге интернет-алаяқтардың барын және олардың әдіс-тәсілдерін білетін жандардың саны артып келеді.

Алаяқтар көлденең жолмен көк тиын табудың көп жолын біледі. Олар банк өкілі де, сатушы да, қызмет ұсынушы да болады. Сөздің майын тамызып сөйлегенде кәсіби маманның өзін артта қалдырады. “Осыны есте сақтау қажет”,- дейді тәртіп сақшылары.

Виталий Подчернин, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:

– Бүгінде интернет-алаяқтықтың ең кең таралған түрі – жалған банк қызметкері болып хабарласу. Сонымен қатар, саудагер ретінде сөйлесу. Облыс тұрғындарын белгісіз біреудің сөзіне сеніп, ақша аудармауды ескертеміз. Ал қандай да бір қаржы ұйымынан қоңырау шалып, жеке деректеріңізді сұраса, бірден әңгімені доғарыңыз.

Полицейлер тұрғындарды мереке қарсаңында барынша сақ болуға шақырады. Қазір әлеуметтік желілерде түрлі акциялар өткізіліп жатқаны жайлы хабарландырулар жүр. Олардың қайсысы өтірік, қайсысы шын екенін ұғыну қиын. Бірақ, күмәнді тұстар байқалса, бірден бас тарқан абзал. Көп жағдайда айлакерлер адамдардың жеке деректеріне қол жеткізуге тырысатынын білген маңызды.

Байболат Култанов