Денсаулық сақтау

Әлемде 9 миллиард адам коронавирусқа қарсы вакцина алған

Соңғы статистикаға сүйенетін болсақ, Біріккен Араб Әмірліктері коронавирусқа қарсы вакцина салу бойынша әлемде жетекші ел атанды. Қазіргі уақытта мұнда иммундауға жататын халықтың 100 пайызы індетке қарсы екпенің алғашқы дозасын салдырған. Ал иммундау шарасының толық курсынан халықтың 92%-ы өткен.

Нура Аль Гаити, БАӘ денсаулық сақтау секторының ресми өкілі:

– Өткен айлармен салыстырғанда қазір бізде коронавирус жұқтыру фактілері біршама артқан. Дегенмен, ауруханалардағы жағдай тұрақты. Бүгінде стационарлар мен жансақтау бөлімшелеріндегі төсек-орындардың 55%-дан астамы бос тұр.

Бүгінде Біріккен Араб Әмірліктерінің билігі таңдаған коронавирусқа қарсы тактика әлемде ең тиімді деп танылып отыр. Мәселен, қазір Португалияда, Чилиде, Қытайда, Мальтада, Оңтүстік Кореяда және Испанияда дәл осындай стратегия қолданылуда. Яғни, олар вакциналанбаған адамдарға қатысты карантиндік ережелерді күшейтуде. Тіпті, иммундалмаған азаматтарға сауда орталықтарына, ойын-сауық және қоғамдық тамақтану орындарына баруға тыйым салынған. Тағы бір айта кететіні, қазір бүкіл әлемде балаларды вакциналау қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, Сингапурда желтоқсанның 27-інен бастап 5 пен 12 жас аралығындағы ұл-қыздарды иммундау бастау алды.

Чань Чунь Син, Сингапурдың білім министрі:

– Нақтырақ айтатын болсақ, қазіргі таңда 10 мен 12 жастағылар иммундалуда. Ал қаңтардың 5-інен бастап вакцинацияға 5 жастан 8 жасқа дейінгі балалар шақырылады. Жалпы алғанда, күніне мыңға жуық балаға қызмет көрсететін 15 мамандандырылған орталық ашылды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мамандарының сөзінше, соңғы уақытта әлемде вакцина қабылдау қарқын алған екен. Бүгінде барлығы 9 млрд адам коронавирусқа қарсы екпе салдыртқан.

Дана Ешкенова