Денсаулық сақтау

СҚО-да “Comirnaty” екпесін 6 мыңнан астам адамсалдыртқан

13 жастағы Бақтияр Жұрнаш америкалық “Pfizer” компаниясы шығарған “Comirnaty” екпесінің 2-ші құрамын алуға келіп отыр. М.Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің 8-ші сынып оқушысы тура 21 күн бұрын ата-анасының рұқсатымен 1-ші компонентті салдыртқан екен. Алғашқы вакцинадан кейін денсаулығында ешқандай кері әсер байқалмапты.

Бақтияр Жұрнаш, М.Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің оқушысы:

– Жақындарымның бәрі вакциналанды. Екпеден кейін ешкімде кері әсер байқалған жоқ. Өзіміз коронавируспен ауырған жоқпыз. Бірақ, жақын туыстарымыздың арасында індетті жұқтырғандар болды. Олар өмір мен өлімнің аузында жатқан кезде қатты қорықтық. Сондықтан, көп ойланбастан иммундау шарасынан өтуді шештік. Вакцина тәж вирусын жұқтырғанның өзінде жеңіл өткеруге көмектесетініне сенемін.

Бүгінге дейін №3 қалалық емханада “Comirnaty” вакцинасы 400-ден астам солтүстікқазақстандыққа салынған. Иммундау шарасына қатысқандардың 337-сі – 12 жастан асқан ұл-қыздар. Қалғаны – жүкті және бала емізетін әйелдер.

Ақбота Асханбек, №3 қалалық емхананың жалпы тәжірибедегі дәрігері:

“Pfizer” компаниясы шығарған “Comirnaty” вакцинасының 2-ші компонентін 260 адам қабылдады. Оның ішінде – 225-і жасөспірім. 3-еуі – жүкті әйел, ал қалған 32-сі – бала емізетін аналар. Бүгінде біздің емханаға күніне 50-65 адам вакцина алуға келеді. Бүгін 55 тұрғын вацина алды. Оның 4-уіне медотвод берілді.

Емдеу мекемесінде ревакцинация шарасы да жүріп жатыр. Қазіргі таңда 30-ға жуық адам тәж вирусына қарсы екпенің қосалқы құрамын алып үлгерген. Жалпы, бүгінге дейін №3 қалалық емханада 1800-ден астам тұрғын вакцина қойдырған.

Дана Ешкенова