Спорт

Белді балуан ізбасарларымен жүздесті

Грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Аманғали Бекболатовты №2 Бескөл орта мектебінің оқушылары қошеметпен қарсы алды. Өңір мақтанышы бұл мектепке бекерден-бекер келіп отырған жоқ. Ол осы білім ошағынан 7 жыл бұрын түлеп ұшқан. Кездесуде балуан ашыла сөйледі. Спортқа қалай келгенін, жарыстарда басынан өтізген қызықты сәттерін бастан-аяқ баяндады. Жастарға ақыл-кеңес те берді.
Жерлесіміз ізбасарларын қиындықтарға мойымай, қолға алған істі соңына дейін жеткізуге шақырды.

Аманғали Бекболатов, грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері

Бүгінгі кездесуге менің бірінші бапкерім де келіп отыр. Мәнап Амандықұлы – күреске деген құлшынысымды, икемімді байқап, алғаш жаттықтырған жан. Спортзалға аяқ басқан күнім де есімде. 2010-жылдың 10-қыркүйегі болатын. 15 минут өткеннен кейін Мәнап Амандықұлы: “Сен сияқты бұзақы балалар бізге керек емес, сен үшін басыммен жауап беремін”,- деп залдан шығарып жіберді. Келесі күні қателігімді түсініп, жаттығуда қайтадан бардым. Осылайша, мансабым басталды.

Қайтпас қайсар мінезінің арқасында Аманғали Бекболатов биік белестерді бағындырды. Жақында ересектер арасында Қазақстан чемпионы да атанды. Кездесуге жиналған спортшылар білекті жігіттің әр сөзін мұқият тыңдап, өздеріне ой түйгендерін айтады.

Данияр Мұстахимов, №2 Бескөл орта мектебінің оқушысы:

Бүгінгідей жиындардың мен үшін маңызы зор. Өзім жетістіктерге жету үшін мотивация алдым десем артық болмас. Наурыз айында Қожаберген жырау атындағы республикалық турнирге қатысып, бас жүлдеге ие болуды көздеп отырмын. Бүгінге дейін жарысты ойлап, қобалжып жүр едім. Аманғали ағаммен кездесіп, жігерленіп қалдым. Өзіме деген сенімім біршама арта түсті.

Жиын соңында Аманғали Бекболатов өзінің алға қойған жоспарларымен бөлісіп, ізбасарларына сәттілік тіледі.

Алтынай Казиканова