Спорт

Жекпе-жектен ашық қалалық біріншілік өтті

Ортада 23 келі салмақ дәрежесіндегі жарыстың ең жас спортшылары күш сынасып жатыр. Богдан Балаев өте шапшаң екен. Кездесудің алғашқы минуттарында-ақ қарсыласына ауырту әдісін жасап, жеңіске жетті.

Богдан Балаев, жарысқа қатысушы:

Қарсыласым менен әлдеқайда аласа әрі жеңіл. Сол себепті жеңіске жеттім деп ойлаймын. Жалпы, жекпе-жекке келгеніме 2 жыл болды. Өзіме қатты ұнайды.

Ал Аян Мальденов пен Сүндет Іңкәров 29 келі салмақ дәрежесінің мықтысын анықтап жатыр. Сүндет кездесу бастала сала жылдам қимылдап, соққыларымен қарсыласын төмпештей жөнелді. Артынша қылқындыру әдісін жасап, чемпион атанды.

Сүндет Іңкәров, жарысқа қатысушы:

Өзімнің салмақ дәрежемде 1 ғана бала болды. Онымен финалда кездесіп, жеңіске жеттім. Алдағы жоспарым – жекпе-жектен чемпион болып, елімізді қорғап, көк туымызды желбірету.

Жекпе-жек – өңірімізде енді ғана дамып келе жатқан ұлттық спорт түрі. Соған қарамастан алғаш рет өткізіліп тұрған ашық қалалық біріншілікке 130-ға тарта спортшы қатысуда.

Жалғас Тортулов, жекпе-жек ұлттық спорт түрі бойынша облыс федерациясының президенті

 Бұл жарысқа 2012-2013 жылғы балалардан бастап ересектерге дейін қатысып жатыр. Облысымыздағы мықты жігіттерді анықтау мақсатында ашық біріншілік өтуде. Алдағы уақытта ол жауынгерлер ел чемпионатына қатысады. Алдағы уақытта осы облыстың жауынгерлері жекпе-жектен Азия мен әлемді бағындырады деген сенімдеміз.

Бұл жарыста топ жарған жекпе-жек жауынгерлеріне медаль мен грамоталар табысталады. Сондай-ақ, жаттығуға арналған спорттық жабдықтар берілмек.

Алдияр Айтпаев