Денсаулық сақтау

Жас Өркенде су жаңа емхана салынып жатыр

Далада – -18 градус, оның үстіне өңменнен өтетін жел соғып тұр. Ал құрылысшылар болса желтоқсанның ызғарына қарамастан жұмыстарына таң ертемен білек сыбана кірісіп кетті. Қалай болса да шаруаны тез аяқтау керек дейді учаске басшысы Владимир Елгащин. Шынымен де жігіттердің еңбектері ерен. Мұндай ауа райында далада 20 минут тұрудың өзі бір сынақ. Жұмысшылар ара-тұра мынадай су құйылып, астына от жағылған бөшкенің қасына барып жылынып та алады екен.

Владимир Елгащин, құрылыс учаскесінің басшысы:

Ауа райы бірқалыпты. Біз мұндай жағдайға үйреніп алғанбыз. Оның үстіне жалақымыз да жақсы. Уақытылы төленіп тұрады. Бұл ең маңыздысы. Нысанның іргететасы дайын. Қазіргі уақытта тіреуіштер орнатып, бетон құйып жатырмыз. Ол да алдағы бірнеше күнде аяқталады.

Жас өркен ықшам ауданындағы емхананың құрылысы биыл қараша айында басталған. Қазіргі күні алаңда 50-ге жуық адам мен 10-нан аса техника жұмыс істеп жүр. Шаруа кесте бойынша жүріп жатыр. Мазалайтын бір нәрсе – құрылыс материалдарының қымбаттауы дейді іске жауапты компания басшысы Андрей Капустин.

Андрей Капустин, «Альфа-Север» ЖШС директоры:

Мысалы, келісімшарт жасасқан кезде бетон тіреуіштердің 1 метрі 4 мың 200 теңге тұрды. Ал қазір бағасы 8 мың 600 теңгені құрайды. Яғни, құны 100 пайызға өсті десек те болады. Жобаға 2 млрд 300 млн бөлінді. Егер құрылыс материалдары тағы да қымбаттай беретін болса, тапсырыс берушіден қосымша ақша бөлуді сұраймыз.

Емхананың құрылысы келесі жылдың 16-шы шілдесінде аяқталады деп жоспарланып отыр. Нысан ашылысымен медициналық мекеме қызметкерлері бір ауысымда 250 адамға қызмет көрсете алады.

Бердимурат Баймухан