Балалар

Петропавлда Президенттік шырша ұйымдастырылды

Петропавлда дәстүрлі Президенттік шырша ұйымдыстырылды. Карантиндік шектеулерге байланысты биыл мерекелік кеш әр мектепте өтті. “Жарқыра, жайна Жаңа жыл – Тәуелсіз қазақ елінде” атты онлайн іс-шараға солтүстікқазақстандық 200 оқушы қатысты. Олар – ата-ана қарауынсыз қалған, жетім, мүгедек ұл-қыздар мен көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары. Сондай-ақ, кешке оқуда, спортта және қоғамдық өмірде белгілі бір жетістіктерге жеткен шәкірттер де қатысты.

Әрқайсысына мемлекет басшысы атынан кітап пен тәтті сыйлықтар табысталды. Бұдан бөлек, 12 мен 14 жас аралығындағы 80 жеткіншекке гироскутер мен смартфондар сыйға тартылды. Ал, 9 бен 11 жас аралығындағы 120 балаға велосипед тарту етілді. Көптің арасында Еркен Ерсін де бар. М.Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің 5-ші сынып оқушысы сабағын жақсы оқиды және бірнеше спорт түрімен айналысады екен.

Еркен Ерсін, М.Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің оқушысы:

Мен сабағымды жақсы оқығаным үшін және мектеп белсендісі ретінде Президенттік шыршаға қатысып отырмын. Өте қуаныштымын. Сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын!

Дана Ешкенова