Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі онлайн-қабылдау өткізді

Әлия Сәрсенова Жәлел Қизатов көшесіндегі 5Н үйінде тұрады. Бұл баспана осыдан 8 жыл бұрын тапсырылыпты. Бірақ, әлі күнге дейін аулаға асфальт төселмеген екен. Азаматшаны тағы бір мәселе алаңдады. Ғимаратқа жеке электр желісі тартылмаған.

Әлия Сәрсенова, қала тұрғыны:

Біз тубдиспансердің кабеліне қосылғанбыз. Алайда, оның қолдану мерзімі өтіп кеткен. Соның салдарынан жарық жиі өшіп қалады. Осы мәселені шешуді сұраймын”.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Сіздердің үйлеріңізге жеке кабель тартылады. Шаруа көктемде басталмақ. Энергетиктер мен қала әкімдігі бұл мәселені бақылауда ұстап, шешілуін қадағалайтын болады.

Бұдан кейін кезек Арай Маженоваға келді. 2006 жылы нәзікжандының жолдасы Петропавл маңынан жер рәсімдепті. Өкінішке қарай, күйеуі көз жұмып, азаматша мұрагер атанған. Бірақ, аумақта жоспарланған жұмыс басталмаған. Учаске мемлекет меншігіне қайтарылған екен.

Арай Маженова, Көкшетау қаласының тұрғыны:

Рәсімдеген учаске Есіл өзенінің бойында болды. Біз сол жерде ойын-сауық орталығын салуды жоспарладық. Іске қаржы құятын жан да табылды. Алайда, биыл инвестор аумақтың мемлекетке өткенін біліп, жобадан бас тартты”.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Мен 2017 жылы қала әкіміне пайдаға жаратылмаған учаскелерді мемлекетке қайтаруды тапсырдым. Себебі, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін бос жерлерді қарастырған едік. Сонда қажетті аумақтар табылмады. 2000 жылдардың басында қаланың біраз жері жекеменшікке өтіп кеткен.

Ал Валентина Афанасьеваның мәселесі денсаулық сақтау саласына қатысты болды. Оның 20 жастағы немересі осыдан 6 жыл бұрын жүрек ауруына шалдығып, мүгедек атанған екен.

Валентина Афанасьева, қала тұрғыны:

– Алайда, биыл немеремнің мүгедектік мәртебесі алынып тасталды. Біз бұл шешіммен келіспейміз. Себебі, немерем әлі күнге дейін дәрігерлердің қарауында. Оған қоса жақында жүрегіне ота жасалды, жағдайы дұрысталған жоқ. Қолымызда оны дәлелдейтін құжаттардың бәрі бар.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Құжаттардың бәрін қарап, тексереміз. Мүмкіндігімізше көмектесуге тырысамыз.

Қоғамдық қабылдау соңында аймақ басшысы түскен арыз-шағымдарды жеке бақылауына алып, жауапты мамандарға жан-жақты қарастыруды тапсырды.

Дана Ешкенова