Денсаулық сақтау

Қалалық №1 емханада қайта вакциналаудан 1700-ге жуық адам өтті

Жасөспірімдер мен жүкті және бала емізетін аналарды иммундау шарасына қарқын қосылған. Қалалық №1 емханада “Pfizer” вакцинасын 500 адам қабылдапты. Олардың дені – 12 жастан асқан балалар. Тағы коронавирусқа қарсы екпені 76 жас ана қойыпты. Емдеу мекемесінде, сондай-ақ, ревакцинация жалғасуда. Науқаннан учаскеде тіркеуде тұрған 6 мың адам өтпек.

Бүгінде олардың 1700-ге жуығы қайта вакциналанған. Тұрғындардың басым бөлігі отандық вакцинаны қабылдапты, ал 2 жүкті әйелге “Pfizer” препараты қойылған. Жалпы, иммундау шарасын бүгінде емхананың өзінде ғана емес, “Алтын Арман”, “Dostyk Moll” сауда нысандары мен Әуезов көшесі, 130 мекен жайы бойынша алуға мүмкіндік бар.

Анастасия Малвенова, қалалық №1 емхананың статистика кабинетінің меңгерушісі:

– Бүгінгі таңда вакциналар векторлық және белсенділігі жойылған болып екіге бөлінеді. Алғашқысына тек “Спутник V” жатқызылады. Солтүстікқазақстандықтардың басым бөлігі дәл осы екпені алды. Ал, ревакцинация кезінде ресейлік препаратты қайта қоюға кеңес берілмейді. Сондықтан, тұрғындарға “QazCovid-in”-ді егіп жатырмыз. Ал, жүкті әйелдер иммундау шарасынан “Pfizer”-мен өтуде.

Эльмира Садвокасова