Спорт

Ұлттық спорт түрі ұлықталып жатыр

Көкпар десе, қазақтың ғана емес, жүйрік аттардың да делебесі қозады. Сөзімізге мына көрініс дәлел. Алаңда – Бірлік пен Чириковка елді мекендерінің спортшылары. Азаматтар ұлттық спорт түрінен машықтарын ортада паш етуде. Шабандоздар салмағы 25 келі болатын серкені өз отауына жеткізуге тырысуда. Қос командада ұпайды қоржынға салуға 15 минут уақыт бар.

Есіл ауданында ұлттық спорт түрінің өркендеп жатқанына көп болған жоқ. Бірнеше ай бұрын өлкеге түстік пен өзге мемлекеттерден қандастарымыз қоныс аударды. Көкпар ойынын жаңғырту ұсынысын тастаған да дәл осы ағайын. Ортаға салынған идея өзге де тұрғындар тарапынан бірден қолдау тапқан көрінеді. Елді мекендіктер тіпті өз қаражаттарына бірнеше жүйрік ат та алған екен. Ауыл шетінде алаң дайындалып, алғашқы ойын өткізіліпті. Ұлттық спортқа деген қызығушылық пен сүйіспеншілік көкпардың алғашқы минутынан-ақ оянды дейді Қуатбек Ақышев.

Қуатбек Ақышев, Бірлік ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Қанымызда болғаннан кейін бірден жанымызды салып көкпар ойнауға кірісіп кеттік. Қай жерде көкпар болса, сол жерден біз табыламыз. Ата-бабамыздың салт-дәстүрін жалғастырып, қазақшылығымызды дамытудамыз. Бүгін де көкпар шығып қалған екен, келіп қалдық.

Ұлттық спорт түрі Бірлік ауылында ғана емес, көршілес Мектеп, Өрнек пен Чириковкада да қайта жаңғыруда. Ауылдағы ағайын айына бір рет жиналып, көкпар ұйымдастырады екен.

Владимир Олексюк, Есіл аудандық ат спорты федерациясының президенті:

– Әр ойын сайын жігіттердің шеберлігі пен шапшаңдығы артуда. Тәжірибелері молайып жатыр. Бұған біз өте қуаныштымыз. Өз тарапымыздан барынша қолдау көрсетудеміз. Алдағы уақытта көкпаршыларымызды ауданаралық жарыстарға қатыстыру жоспарда бар.

Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналған көкпарда жеңіске жеткен командаға 50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы бұйырмақ.

Эльмира Садвокасова