Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-да 5 айда коронавирустан болатын өлім-жітім көбейген

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша қазіргі уақытта 3400-ден астам солтүстікқазақстандық коронавируспен сырқаттанған. Оның 1600-ге жуығы – жеңіл, қалғаны симптомсыз түріне шалдыққан. 330-ы – инфекциялық стационарда, 32 адам жансақтау бөлімшесінде жатыр. Мамандардың айтуынша коронавирустың қарқыны бәсеңдеген сыңайлы, қазір инфекциялық стационарлардағы төсек-орындардың толымдығы 2 есеге азайған.

Нұрлан Айманов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Қарашаның 20-сындағы жағдаймен салыстыратын болсақ, жансақтау бөлімшесіне түсу 1,7 есеге төмендеді. Бүгінде төсек-орындардың толымдылығы 27 пайызды құрайды. Сонымен қатар, өкпені жасанды желдету аппаратына қосу көрсеткіші де 30-дан 14-ке дейін кеміді.

Аты жаман індеттің жүкті әйелдерге тез жұғатыны белгілі. Облыста коронавирусқа шалдыққан 10 нәзікжанды – мамандардың бақылауында. Екеуі – стационарлық, қалғаны амбулаторлық деңгейде ем қабылдауда. Жалпы, пандемия басталғалы 200-ге жуық жүкті келіншек сырқаттанған екен. 123 сәби аман-есен дүниеге келген. 72 нәресте шала туылып, оның үшеуі шетініп кеткен. Өкінішке қарай, 1 жүкті әйел тәж вирусының құрбаны болды. Нұрлан Аймановтың айтуынша ковид-19-ды жұқтыру жағдайлары балалар арасында сиреген.

Нұрлан Айманов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Желтоқсан айында балалар арасында дертті жұқтыру 54 пайызға төмендегенін байқап отырмыз. Өткен жылы көбісі коронавирустың симптомсыз түрімен ауырды, ал қазір науқастың дене қызуы көтеріліп, ентігеді. Жалпы, өңірде өткен жылдан бастап биылғы шілде айына дейін ковид-19-дың салдарынан 43 адам көз жұмды. Ал дельта штамы тап бергелі 375 теріскейлік қайтыс болды.

Солтүстік Қазақстан облысы желтоқсанның басында қызылдан сары аймаққа өтті.
Мобильді бригадаларға келіп түсетін қоңырау саны 12 пайызға азайған. Медициналық қызметкерлерге күніне 400-ге жуық тұрғын хабарласады екен. Дәрігерлердің сөзінше, қазір вакцина алуға ниетті жандардың қатары сиреп барады. Бұл, әсіресе, егде жастағы тұрғындар арасында байқалған.

Нұрлан Айманов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– 60 жастан асқан қариялар коронавирусқа шалдыққыш келеді. Инфекциялық стационарларда жатқандардың 80 пайызы – тура осы санаттағы жандар. Дерттің құрбанына айналғандардың 70 пайызы – зейнет жасындағы тұрғындар. Қазіргі таңда облыстағы зейнеткерлердің 53 мыңнан астамы ғана вакцина алды.

Бұл ретте тәж вирусына қарсы екпе салдыруда жөсөспірімдер тарапынан белсенділік өскен. “Комирнати” вакцинасы ата-аналарының келісімімен 4 мың 200-ден астам балаға қойылған.

Нәзір Жәшібеков, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Медицина қызметкерлерімен бірлесіп ата-аналарға вакцинацияның маңыздылығын тағы бір мәрте түсіндіріп жатырмыз. Жиналыстарға екпе алған балалардың ата-аналары да қатысады. Олар өзгелеріне иммундау шарасының қалай өткенін баяндайды.

Жалпы, вакциналаудан 251 мыңнан астам солтүстікқазақстандық өткен. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов жергілікті әкімдерге тұрғындар арасында дәрігерлердің қатысуымен өтетін түсіндіру жұмыстарына қарқын қосуды тапсырды.

Алтынай Казиканова