МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік қызмет сапасын арттыру

Жыл басынан бері Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасына 150-ге жуық өтініш келіп түскен. Талдау шаралары көрсеткендей, дені денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жұмыспен қамту және ауыл шаруашылығы саласына қатысты.

Ергелді Қайыргелді, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:

– Бүгінгі таңда азаматтардың өтініштерімен жұмысты ұйымдастыру мәселесі өте өзекті болып табылады. Ағымдағы жылғы 1 шілдеде енгізілген Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс азаматтарға өз құқықтарын қорғауға белсенді қатысуға мүмкіндік береді. Жалпы, ағымдағы жылы қаралған өтініштердің жартысы расталды. Жүргізілген тексерулер мен қаралған өтініштер шеңберінде 32 адамның құқықтары қалпына келтірілді.

Мамандар жыл басынан жоспардан тыс 14 тексеру жүргізіп, 400-ден астам олқылық анықтаған. Заңға қайшы әрекет ауылдық округтердің бірінде тіркелген.

Ергелді Қайыргелді, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:

– Бір аудандық әкімдікте ауылдық округ әкімінің орынбасары лауазымына ішкі конкурс өткізу кезінде хабарландыру мәтінінде білім деңгейі бойынша толық деректер көрсетілмеген, яғни ішкі конкурс хабарландыруда “ауыл шаруашылығы ғылымдары” және “ветеринария” бейіндері бойынша жоғары білім жоқ, бұл конкурс өткізу қағидаларын өрескел бұзу болып табылады. Жол берілген бұзушылық үшін кінәлі адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Яғни, 15 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Ергелді Қайыргелді әдеп жөніндегі кеңестер жайлы да айта кетті. Ұйым мүшелері биыл 25 тәртіптік іс қаралған. Бұл өткен жылғы істерден 36 пайызға көп.

Дана Ешкенова