МТРА жаңалықтары

Қызылжар ауданындағы қос ауылға су жетті

Петропавлдан 17 шақырым жерде орналасқан Березовка ауылындағы ауызсу мәселесі биыл шешімін тапты. Жасыратыны жоқ, облыс орталығының іргесінде болса да елді мекен тұрғындарының талай жылдан бері аңқасы кеуіп, тіршілік нәрінен тапшылық көргені рас. Аталған мәселе 2011-ші жылы қолға алынып, ауылға сорғы станциясы орнатылған болатын. Ал су баспаналарға жақында ғана кіргізілді.

Тоғжан Сыздықова, Березовка ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Флягамен жүрген болатынбыз. Су тасуға жарты сағат уақыт кететін. Әйел адам болған соң бізге қиын.

Қазіргі күні Березовка ауылында 150-ден аса отбасы түтін түтетіп отыр. Биыл олардың 50-інің баспанасына таза ауызсу кіргізілді. Бұл бағыттағы шаруа алдағы айларда жалғасын тауып, тұрғындардың барлығына тіршілік нәрі үй ішінде-ақ қолжетімді болады.

Алтынай Дәуренбекованың да көптен күткен заман игілігіне қолы биыл жетті. Нәзікжанды Қызылжар ауданына қарасты Гончаровка ауылында 42 жыл өмір сүріп келеді. Сол уақыттан бері ауылда ауызсу мәселесі өзекті тұрды. Адамдарға тіршілік нәрі 20-30 шақырым жерден әкелінген екен. Ал жаз мен қыс мезгілдерінде үйлерге 1-2 аптадан соң ғана жететін күндер болған дейді тұрғындар. Жерлестеріміз бұл проблеманы айтып жергілікті әкімдікке бірнеше рет өтініш тастапты. Ағайынның сауалы ескерусіз қалмады. 100-ақ адам тұратын алақандай ауылдың ішіне бірнеше ай бұрын су тарату желісі салынып, қарапайым халық таңдайын сапалы тіршілік нәрімен жібітуде.

Алтынай Дәуренбекова, Гончаровка ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Әкімдікке жаздық, айттық. Ауылға тілшілер де келді. Содан кейін су келді. Су тап-таза. Өткенде жолдасыммен екі рет суды бөтелкеге құйып тексердік, ыдыс түбіне еш нәрсе тұнған жоқ.

Ауылға су жеткеннен бері ағайын үйлерінің ішіне қаладағыдай қолжуғыш, ванна, душ пен дәретхана орната бастапты. Жалғыз ғана заман игілігінің арқасында осылайша тұрғындардың тұрмыс жағдайы біршама көтерілді. Шаруаны бұдан да ертерек қолға алуға болар еді дейді Березовка ауылдық округінің әкімі Аяз Дәуренбеков.

Аяз Дәуренбеков, Березовка ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– Біз «Соколовка топтық су құбырын қайта жаңғырту» бағдарламасында 2-ші кезекке түсіп қалдық. Сол себепті, ауылдағы баспаналарға су кеш жетті. Қазіргі күні мұндағы үйлердің 76 пайызына тіршілік көзі кіргізілді. Округ құрамында тағы 2 елді мекен бар. Алдағы уақытта ол жақта да аталған шаруа бастау алады.

Қос елді мекен тұрғындарының айтуынша бүгінде ауылдан көшіп кеткісі келетін жандардың қатары азайыпты. Енді ұялы байланыс пен жол мәселесі шешілетін болса, жастар да ауылға көптеп тартылады деген үмітте.

Бердимурат Баймухан