Ауыл шаруашылығы

Есіл ауданында қоғамдық кеңес отырысы өтті

Есіл ауданындағы “Агрохимснаб” серіктестігі ауыл шаруашылығымен 23 жыл айналысып келеді. Агроқұрылым жыл сайын 5 мың гектарға егін егіп, 2 мың гектар жерде мал бағады. Биыл ауа райының қолайсыздығына қарамастан жергілікті диқандар гектарынан 16 центнер өнім жинаған. Көрсеткішті ұлғайту мақсатында аграрийлер үнемі минералдық тыңайтқыш қолданып, техникаларын жаңартуға тырысады. Үстіміздегі жылы серіктестік 300 млн теңге көлемінде инвестиция құйыпты. Бұл туралы “Агрохимснабтың” директоры Владимир Олексюк аудандық қоғамдық кеңес мүшелеріне баяндады.

Владимир Олексюк, “Агрохимснаб” ЖШС директоры:

– Біздің серіктестік егін егумен қатар, мал шаруашылығын да дамытып келеді. Бүгінде агроқұрылымда 500-ден аса қазақтың ақбас сиыры бар. Оның 10-ы – бұқа. Біз оларды әр 2 жыл сайын ауыстырып тұрамыз. Ірі қара етін аудан бойынша сатылымға шығарамыз. Қазір егістік алқаптары мен жайылымдардың аумағын көбейтуді қарастырып отырмыз. Себебі, малды шашпада ұстап күту қалтаға салмақ түсіреді. Ал келешекте сүтті бағыттағы мал шаруашылығын да қолға алу жоспарда бар.

Эльмира Садвокасова