Қоғам

“Еңбек” бағдарламасымен 5 жылдың ішінде 118 мыңнан аса адам қамтылды

2017 жылы өңірде “Еңбек” бағдарламасы іске қосылды. Осы аралықта жобаға 118 мыңнан аса азамат қатысты. Атап айтар болсақ, 7 мыңға жуық адам кәсіби оқытудан өтті. Тағы 8 мыңы “Бастау” курсын тәмамдап, кәсіпкерлік негізін меңгерді. 4 мың солтүстікқазақстандық жеңілдетілген кредиттер алса, 5 мың теріскейлік бизнес-идеясын жүзеге асыру үшін қайтарымсыз грант иеленді.

“Еңбек” бағдарламасы аясында аққайыңдар өлкесінде еліміздің еңбек күші басым өңірлерінен 2800 отбасы қоныс аударды. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары баспасөз брифингінде баяндады. Ринат Елжасов бейінді органмен көрсетілетін өзге де мемлекеттік қолдауларға тоқталды.

Ринат Елжасов, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

– Аз қамтылған азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек төленеді.
Жыл басынан бері 576,6 млн теңге сомасына осы көмек түрі 2331 отбасына (9741 адам) көрсетілді. 2020 жылдан бастап 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін ай сайын азық-түлік жиынтығы және тоқсан сайын тұрмыстық химия жиынтығы түріндегі кепілдендірілген әлеуметтік топтама енгізілді. Биыл 89,2 млн теңге сомасына осы көмек түрімен 2 290 бала қамтылды.

Бердимурат Баймухан