Теріскейлік бұрымды қос жаһандық жарыста топ жарды

Спорт

22:49 22 Желтоксан 2021

Беларусь елінің Минск қаласында өткен әлем чемпионаты мен әлем кубогында топ жарып, көк туымызды желбіреткен Дарья Назарованы жақындары асыға күтуде. Теміржол вокзалына жиналған көпшіліктің арасында жеңімпаз қыздың анасы Татьяна Назарова да бар.

Татьяна Назарова, Дарья Назарованың анасы:

Қызым спортпен 5 жасынан бастап айналысады. 6 жасында жарыстарға қатыса бастады. Көбінесе алтын медальмен оралады. Міне, бүгін де алтынмен келе жатыр. Қызыма үйде отырып жанкүйер болдым.

Көпшілікті көп күттірмей Дарья Назарова мінген поезд 1-ші платформаға келіп тоқтады.

Жаһандық қос жарыста Дарья Назарова 16 мен 17 жас аралығындағы қыздар арасында сынға түсті. Бұрымды 52 келі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмей, 4 бірдей жүлде олжалады.

Дарья Назарова, таеквандодан әлем чемпионаты мен әлем кубогының чемпионы:

– 2 медаль әлем біріншілігінде бұйырды. Бұл жарыста жекелей сында – алтын, ал командалықта күміс жүлде еншіледім. Әлем кубогында тең келер қарсылас табылмады. Қарсыластарымның дені ресейлік спортшылар болды. Маған қолдау көрсеткен жандардың барлығына алғысымды білдіремін.

Жалпы, Қазақстан құрамасы қос жарыста да сәтті өнер көрсетті. Әлем чемпионатында отандастарымыз командалық есепте – 2-ші орынға, ал әлем кубогында 1-ші орынға ие болды. Айта кету қажет, сайыстарда 72 елдің спортшысы бақ сынапты.

Владимир Хван, таеквандодан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы

Құраманың барлық спортшысы жақсы өнер көрсетті. Дарьяға тоқталар болсам, бұл жарыстарда ол өз қарсыластарын оңай жеңді. Айта кету қажет, шәкіртім – таеквандодан Әлем чемпионатында топ жарған жалғыз қазақстандық бұрымды. Бұған дейін мұндай жетістікке ешқандай спортшы қыз жеткен емес.

2 бірдей жаһандық жарыста ел мерейін асырған Дарья Назарова енді Европа біріншілігіне дайындалады. Әзірге, жарыстың Хорватия елінде өтетіні ғана белгілі.

Алдияр Айтпаев

Бұдан әрі оқыңыз

Белді балуан ізбасарларымен жүздесті
Жергілікті университет қабырғасында спартакиада өтіп жатыр
“Qyzyljar”-дан 3 ойыншы кетті
“Kuanish” ВК ел біріншілігінің екінші кезеңінде топ жарды
Инесса Шумекова – әлем кубогының күміс жүлдегері
Бір жеңіс, бір жеңіліс
Шаңғымен жүгіруден облыс чемпионаты өтті
Волейболдан ел біріншілігінің соңғы туры Петропалда өтеді
Кәкімбек Салықовтың дүниеге келгеніне – 90 жыл