Бизнес және экономика

Петропавлда “Бастау” жобасының түлектері жәрмеңке өткізді

Әсемгүл Мұхамедғалиева бала кезінен тәтті-дәмді пісіргенді жақсы көреді. Бүгінде дәмі тіл үйірер торттың, тоқаш пен бәліштің түр-түрін әзірлейді. Басында мұндай өнімдерді жақындарына ғана арнап жүрген. Уақыт өте келе таныстары да тапсырыс бере бастайды. Шағын бизнесі осыдан бастау алған көрінеді.

Әсемгүл Мұхамедғалиева, “Бастау” жобасының түлегі:

– Үстіміздегі жылдың мамыр айында “Бастау” жобасы бойынша тегін білім алып, қайтарымсыз грантқа ие болдым. Қаржыға үлкен тоңазытқыш, миксер мен электр пешін сатып алдым. Қазір күніне кем дегенде 2-3 тапсырыс қабылдаймын. 1 тортты әзірлеу үшін 5 сағаттай уақыт кетеді. Көбіне адамдар тәттіні тойға алып жатады.

“Бастау” жобасына қатысқан жандардың алған білімдері де, меңгерген мамандықтары да әр түрлі. Жәрмеңкеге қатысушы Татьяна Веремская бұрындары банкте жұмыс істепті. Бүгінде мүлде басқа бағытта еңбек етеді. 31 жастағы нәзікжанды сәбилерге киім-кешек тігеді. Әуелде өз баласына жастық пен көрпеше әзірлеуден бастаған екен.

Татьяна Веремская, “Бастау” жобасының түлегі:

Мен “Бастау” жобасына қатысып, 580 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа қол жеткіздім. Қаржыға тігін машинасын сатып алдым. Жалпы, бұл істі 2017 жылы бастаған едім. Бәрін үйде тігетінмін. Қазір жалға алған шағын нысанда жұмыс істеп жатырмыз. Келесі жылы өз өнімдерімізді сататын дүкен ашқым келеді.

Үстіміздегі жылы “Бастау” жобасы бойынша 900-ден астам солтүстікқазақстандық білім алған. Олардың басым бөлігі өздерінің жобаларын сәтті қорғап, мемлекеттік грантқа ие болыпты. Биыл аталған жобаға 5 жыл толып отыр. Осы аралықта 8 мыңнан астам жерлесіміз тегін курстардан өтіп, өз істерін ашқан. Бүгінгі жәрмеңке – сол атқарылған жұмыстың айнасы.

Рахымбек Зейнуллин, СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

Бұл жәрмеңке Тәуелсіздіктің 30 жылдығына және “Бастау” жобасының 5 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Жаңа бастап жатқан кәсіпкерлер өз заттарын осы жерге алып келіп, халыққа ұсынуда.

Айта кетейік, бүгінгі жәрмеңкеге “Бастау” жобасының 30-ға жуық түлегі қатысты.

Дана Ешкенова