Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мектеп жанындағы интернаттарда қандай жағдай жасалған?

Солтүстік Қазақстан облысында жалпы 71 интернат бар. Оның барлығында 4300- ден астам бала білім алады. Желтоқсанның басында аталған мекемелерде ұл-қыздарға жасалып жатқан жағдаймен танысу үшін «Nur Otan» партиясының өкілдері мониторинг жүргізді. Тексерістен Қызылжар ауданындағы Боголюбово орта мектебінің жанындағы интернат та шет қалмады.

Елена Левина, “Nur Otan” партиясы СҚОФ жанындағы отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі кеңесінің төрайымы:

40 адамға шақталған интернат мектептің 3-қабатында орналасқан. Жалпы ауданы 40 мың шаршы метрден асады. Негізі, сонда тұрып, білім алуына қолайлы жағдай жасалған. 7 жатын бөлме, сабақ оқуға арналған бөлек кабинеттер мен медициналық бөлме де бар. Күрделі жөндеу жұмыстары соңғы рет 2008 жылы жүргізілген екен. Ал осыдан 2 жыл бұрын терезелері ауыстырылған.

Архангелка селосындағы қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығы 80-ші жылы салынған. Қазір аталған шаңырақта 19 адам тұрады. Мекеме соңғы рет 2019-да жөндеу көріпті. Енді кіреберіс есіктері мен жиһаздарын және еденін жаңарту керек екен. Сондай-ақ, Ақжар ауданындағы интернаттың да жағдайы көңіл көншітпейді.

Сәуле Ахметова, “Nur Otan” партиясы Ақжар аудандық филиалы білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңесінің төрайымы:

Интернатта 4 бала тұрады. Мекеменің терезелері мен су құбырын шұғыл түрде ауыстыру керек. Ас үйдің жағдайы мәз емес. Газ плитасы мен ыдыс-аяғы ескірген, төсек-орын мен сүлгілерін жаңарту қажет.

Ақжармен салыстырғанда Мамлют ауданындағы интернаттардың жағдайы әжептәуір жақсы. Барлығы күрделі жөндеуден өткен. Бөлмелерде тиісті жиһаздар бар. Биыл облыс орталығындағы мектеп-интернаттардың да басым көпшілігіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, өң кірді.

Юлия Пронина, “Nur Otan” партиясы Петропавл қалалық филиалы жанындағы әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесінің төрайымы:

– Мониторинг барысында “Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжі – өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат” кешеніне де бас сұқтық. Нысанда биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, су құбыры ауыстырылды. Мұндағы интернатта негізінен 5 пен 9-сынып аралығында оқитын оқушылар тұрады екен. Әр бөлмеде 2-3 баладан орналасқан. Жиһазбен тиісті деңгейде қамтылған.

Жиында 7 ауданнан қашықтықтан байланысқа шыққан мамандар интернаттардағы жағдайды 1 сағат көлемінде талқылады. Одан кейін өткен жылы атқарылған шаруаны қорытындылап, келешекке жоспарларымен бөлісті.

Алтынай Казиканова