ТЖ

М.Жұмабаев ауданында өрттен 2 адам қаза тапты

 

Бұл суреттер М.Жұмабаев ауданына қарасты Шаңдық елді мекенінде түсірілген. Желтоқсанның 19-ы күні түс ауа ауылдағы жер үйлердің бірі отқа оранған. Мұны көрген елді мекен тұрғындары тез арада құтқарушыларға хабар беріп, өрттің ішінен адамдарды алып шығуға кіріскен. Өкінішке қарай, құтқару мүмкін болмады. 2 бірдей солтүстікқазақтандық ажал құшты. Көз жұмғандар – анасы мен баласы.

Дмитрий Растихин, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:

Көз жұмған үй иесі 87 жаста болған. Ал ұлы – 56 жаста. Алдын ала болжам бойынша өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан туындаған. 20 шаршы метрге жайылған қызыл жалынның салдарынан баспананың қабырғалары, төбесі мен жиһаздар жанып кеткен.

Жалпы, жыл басынан бері аққайыңдар өлкесінде 721 өрт оқиғасы тіркелген. Тілсіз жаудың салдарынан 52 адам көз жұмған. Мамандардың сөзінше, төтенше жағдайлардың 70 пайызы жеке тұрғын үй секторында орын алыпты. Құтқарушылар мен тәртіп сақшылары бұл статистиканы одан бетер ушықтырмау үшін қауіпсіздік шараларын қатаң ұстану қажеттігін қаперге салды. Әсіресе, Жаңа жыл қарсаңында жаппай сатып алынатын түрлі отшашулар мен жанғыш заттардың сапасына назар аудару қажет. Себебі, заңсыз сатылымдағы пиротехникалық өнімдер адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Құрман Мусин, СҚО ПД аға инспекторы:

Жаңа жыл қарсаңында базарлар мен дүкендер отшашу құралдарына толады. Сондықтан, біз желтоқсанның 15-інен бастап «Пиротехника» атты жедел-профилактикалық іс-шара өткізіп жатырмыз. Басты мақсат – оқыс оқиғалардың алдын алу және рұқсат құжаттары жоқ өнімдерді сату фактілерін әшкерелеу.

Жедел-алдын алу іс-шарасы басталғалы мамандар сертификатталмаған 350-ге жуық пиротехникалық зат тәркілеген. Олардың басым бөлігі базарлардан алынған. Осы орайда айта кетейік, облыс орталығында рұқсат құжаттары бар отшашулар мен жанғыш заттар тек екі жерде ғана саудаланады.

Дана Ешкенова