ТКШ

Есіл ауданының әкімдігінде пәтер кезегінде 280 адам тұр

Марина Чернова армандаған құтты қонысына өткен жылдың қарашасында көшіпті. Бірден жөндеу жұмыстарына кіріскендіктен, Жаңа жылға дайындалып үлгермеген екен. Ал, биыл үйде мерекелік көңіл-күй сезіліп-ақ тұр. Үлкен балалары мектепте жүргенде Марина кіші ұлы Никитамен қазір шырша безендіру үстінде. Жайлы баспана мен отбасының амандығы ошақ иесі үшін ең маңызды дүние дейді келіншек.

Марина Чернова, Явленка селосының тұрғыны:

– Осыған дейін жер үй жалдап тұрдық. Бас-аяғы 3 бөлме болатын. Баспана суық еді. Қыс мезгілінде күніне екі мәрте пеш жағатынбыз. Суды да колонкадан тасу керек. Қысқасы өте ыңғайсыз. Ал, пәтердегі жағдай қаладағымен тең. Үй орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. Су тартылған.

Жер үй мен пәтерге кететін шығынды да салыстыруға келмейді дейді Марина Чернова. Әсіресе, қауырт маусымға дайындық қалтаны қаққан көрінеді.

Марина Чернова, Явленка селосының тұрғыны:

– Шығындарды есептеп едік, бір қауырт маусымға 2 машина отыннан алған екенбіз. Әрбіреуінің құны 50 мың теңгені құрайды. Оған көмірдің бағасын қосыңыз. Қазір жарық, жылу мен суға кететін қаражаттың өзі 2-3 есеге аз.

Ал, пәтер үшін 3 баланың анасы ай сайын 12 мың теңге төлейді. Жалдамалы-коммуналдық баспанаға қол жеткізу үшін нәзікжанды 11 жыл бойы әкімдік кезегінде тұрыпты.

Гүлсара Әбілқасова, Есіл аудандық сәулет, құрылыс, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімнің бас маманы:

– 2018 жылы “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Явленка ауылында 27 пәтерлі үй салынды. Баспана әкімдік кезегінде тұрған әлеуметтік әлжуаз топ өкілдеріне берілді.

Бүгінде Есіл ауданы бойынша 180 адам үйге әкімдік кезегінде тұр. Олардың бір бөлігіне баспана құрылысы келесі жылы бастау алатын 27 пәтерлі тұрғын үйден бұйыруы тиіс.

Эльмира Садвокасова