Мәдениет

22-ші желтоқсан – ҚР Архив ісі қызметкерлерінің күні

Соңғы бірнеше жылда ғалымдар Солтүстік Қазақстан облысында көптеген зерттеу жұмыстарын жүргізіп, өңірде орын алған түрлі тарихи оқиғалардың бетін ашып жатыр. Былтыр ғана сыры көп теріскей өңірінде Алтын Орда дәуіріне тиесілі ескі қорым табылды. Бұл жаңалықтың аясында отандық және шетелдік тарихшылар іздеп жүрген сұрақтардың шешімі табылды. Осы орайда архивтегі құжаттар да тарих қойнауында қалған дүниелердің бетін ашуда маңызды рөл атқарады.

Сәуле Мәлікова, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Біздің архивтердің керемет жұмыстарының соңғысын айта кететін болсақ, биыл 9-шы қазанда облыс әкімдігінің қолдауымен аймақта халықаралық конференция өтті. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мақсатында өткізілген іс-шарада Алаш армиясының жиылысы болған жерді анықтадық. Соған жан-жақтан ғалымдарды шақырып ғылыми негізде осы оқиғаны дәлелдеп бердік. Бұл үлкен жетістіктеріміздің бір көрінісі болып саналады.

Айта кетейік, 22-ші желтоқсан – еліміздің архив ісі қызметкерлерінің күні. Атаулы датаға орай бүгін облыстық архивте мерекелік іс-шара өтті. Жиын барысында сала өкілдері атқарған жұмыстарын қорытындылап, алдағы жоспарларын талқылады. Айта кететін тағы бір жайт, биылғы қараша айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» жарлыққа қол қойған болатын. Президенттің тапсырмасы аясында бүгінде Жамбыл облысының мұрағатшылары біраз істің басын қайырыпты.

Қайыржамал Жүнісова, Жамбыл аудандық архивінің мұрағатшысы:

– 34-37-ші жылдары репрессияға ұшыраған жандардың құжаттарын көтеріп, жазықсыз жапа шеккен 218 адамның тізімін жасадық. Олардың 94-і ақталды. Өзгелері туралы деректерді әлі зерттеп жатырмыз.

Қайыржамал Жүнісова архив саласында 20 жылға жуық еңбек етіп келеді. Сіңірген еңбегі үшін бүгін нәзікжанды қошеметке бөленіп, «Архив саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Жалпы, бүгінде өңірдегі архивтерде 1 млн 700 мың құжат сақтаулы тұр. Мамандар алдағы уақытта құжаттардың тең жартысын электронды форматқа ауыстыруды жоспарлап отыр. Бұл құнды құжаттармен жұмыс істеу барысын оңтайландырмақ. Осы мақсатта заманауи технологиялар сатыл алынуда деді облыстық архивтің директоры Сәуле Мәлікова.

Бердимурат Баймухан