ТКШ

Тимирязев ауданындағы Москворецкое селосында су мұнарасы тұрғызылды

Тимирязев ауданындағы Москворецкое селосында су мәселесі сонау 90-шы жылдардан бері өткір тұрған. Ауылдағы ағайын тіршілік нәрін көрші елді мекеннен тасыпты. 12 шақырым қашықтықтан су жеткізу, әсіресе, қыста қиын болды дейді тұрғындар.

Николай Ким, Москворецкое селосының тұрғыны, Тимирязев ауданы:

– Бірнеше жыл бойы тіршілік нәрін көрші ауылдан тасыдық. Сол себепті, бір барғанда 1 аптаға жететіндей су әкелу керек. Бұл көпшіліктің қолынан келмейді.

Ауыл халқын мазалап келген мәселе араға 28 жыл салып шешімін тапты. Тура мереке қарсаңында ақ түйенің қарны жарылып, елді мекеннің шетінен су мұнарасы қолданысқа тапсырылды.

Ауылдағы ағайынның қуанышында шек жоқ. Енді су құбырлары елді мекендегі әр көшеге тартылып, әр үйге жетпек. Тіршілік нәрін үйінің ішіне дейін тартқысы келетін жандар жетерлік.

Гүлнұр Мұхметова, Москворецкое селосының тұрғыны, Тимирязев ауданы:

Біздің ауылда үлкен қуаныш. Су бізге де жетті. Енді әр үйге дейін тіршілік нәрі тартылса, керемет болар еді.

Су таратқыш мұнара “Ауыл – ел бесігі” мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған. 2 жыл бойы жүргізілген нысан құрылысына республикалық бюджеттен 18 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалған.

Айман Асанова, Тимирязев аудандық мәслихатының хатшысы:

– Бүгін ауылға су жіберілді. Енді алдағы уақытта бұл жұмысты толығымен аяқтамақпыз. Яғни, әр көшеге су құбырлары тартылады. Жалпы, аудан бойынша 9 су құбыры салынып жатыр.

Ал Тимирязево селосында Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында көтерме-тарату орталығы ашылды. Бұрын өнер мектебі орналасқан нысан біраз жыл бойы қаңырап тұрған. Биыл ғимарат кәсіпкер Қайрат Әміркеннің қолдауымен қайта жананды.

Қайрат Әміркен, “Әміркен” ЖК кәсіпкер, Тимирязев ауданы:

– Қазір барлық жерде азық-түлік бағасы шарықтап тұр. Сондықтан, осындай көтерме-тарату орталығын ашуды жөн көрдім. Басты мақсат – ауыл тұрғындарын сапалы әрі құны қолжетімді өнімдермен қамтамасыз ету.

Жаңадан ашылған көтерме-тарату орталығына келген жұртшылық мұндағы баға өзге дүкендерден әлдеқайда төмен дейді.

– Дүкеннің іші кең. Тауарлардың көптігінен көз сүрінеді. Бағасы да арзан.

– Мен осы маңда тұрамын. Дәл үйімнің жанынан осындай орталық ашылғанына разымын. Мұнда тауардың түр-түрі бар.

Жеке кәсіпкер алдағы уақытта ғимараттың оң жақ қанатын қалыпқа келтірмек. Онда тұрмыстық химия тауарларын саудалауды жоспарлап отыр.

Дана Ешкенова