Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өрт сөндіру бөлімдеріне су жаңа көліктер тапсырылды

Өрт сөндіруге арналған көліктер мен су таситын машиналар. Бұл – төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру бөлімдеріне тапсырылатын су жаңа техникалар. Көліктер бұрынғыларынан жылдамдығы мен цистерналардың сыйымдылығы жағынан ерекшеленеді екен. №2 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Николай Жерютин көлік кілтін ала салысымен оны жүргізіп, тегеурінін бағамдап көрген.

Николай Жерютин, қалалық №2 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері:

– Бір «Камаз»-да үш «ЗИЛ»-дің қуаты бар. Ал цистерналарға 6 текше метр су сыяды. Көбікті де көп шашады. Көліктердің өтімділігі жоғары және олардың әрқайсысы сағатына 90 шақырымды бағындыра алады.

Әр камаздың құны шамамен 50 млн теңгені құрайды. Машиналар «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қолдауымен қаржы лизингі жобасы шеңберінде сатып алынды. Айта кеткен жөн, бүгін құтқарушы мамандарға су астында жұмыс істеуге арналған жарақтар да табысталды. Жаңа дүниелермен облыс әкімі Құмар Ақсақалов танысты.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 4 жылдың ішінде 43 өрт сөндіретін арнайы техника сатып алынды. Биылдың өзінде 579 млн теңгеге 8 заманауи техника алдынды. Техниканың мүмкіндігі және көлемі стандарттық машинадан екі есе артық.

Жалпы, қазіргі күні облыстық төтенше жағдайлар департаментінің базасында өрт сөндіруге арналған 160-тан аса техника бар.

Бердимурат Баймухан