Балалар

Мәжіліс депутаттары өңір жастарымен кездесті

Баспана құны күннен-күнге шарықтап барады. Жергілікті ақпараттық агенттіктерінің бірінің жетекшісі Тимур Жұманов Мәжіліс депутаттарына осы мәселемен жүгінді. Айтуынша, қазір жастардың басым бөлігі жеке баспаналарына қол жеткізе алмай жүр. Көптің көкейіндегі түйткілді біржақты ету үшін бағаны бір деңгейде ұстап тұратын жоба болса екен дейді.

Тимур Жұманов, ақпараттық агенттік жетекшісі:

– Үй бағасының шарықтап кеткеніне байланысты 30 жастағы солтүстікқазақстандықтардың басым көпшілігінің баспанасыз жүргені жасырын емес. Қыруар қаржыны қалталары көтермейді. Жалдап тұрудан басқа амал жоқ. Алматыда жастарды үймен қамту мақсатында түрлі бағдарламалар қолға алынған. Соған ұқсас жобалар бізде де іске асса, нұр үстіне нұр болар еді.

Вера Ким, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Дүйім жұртты әбігерге салған пандемия құрылыс саласына да әсер етпей қоймады. Бағаны төмендету бойынша сала мамандарымен тілдесіп көрдік. Олар тұрғын үй құнын арзандату тиімсіз екенін айтты. Өйткені, бүгінде құрылыс материалдарының әжептәуір қымбаттағаны мәлім. Дегенмен, жастар үшін баспана қолжетімді болуы керек деп ойлаймын. Алдағы уақытта мәселені шешу үшін тиісті бағдарламалар қарастырылады.

Ал қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Әлфараби Мыңбайды облыстағы қыз-жігіттердің арман қуып, Нұр-Сұлтан, Алматы сынды қалаларға көптеп кететіні алаңдатады. Мәселені шешу үшін Петропавлда жаңа бағдарламалар қолға алынып, жастардың маман ретінде өсуіне тиісті жағдай жасалуы тиіс. Бұл ұсынысты Мәжіліс депутаттары құптап, келешекте Петропавлда халықаралық форумдар өткізу жоспарда бар екенін айтты. Кездесу барысында негізінен студенттер тарапынан түскен ұсыныс-пікірлер көп болды.

Савелий Бусько, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенті:

– Мен мектеп оқушылары мен студенттер үшін білім саласына қатысты жаңа жобалардың қолға алынғанын қалаймын. Ұл-қыздар бала кезінен түрлі олимпиада, сайыстарға қатысса, білім деңгейлері артып, бәсекеге қабілетті жастар көбейеді деп санаймын.

Жиында Мәжіліс депутаттары жастарды белсенділік танытып, еліміздің дамуына үлес қосуға шақырды.

Алтынай Казиканова