Бизнес және экономика

Қарашаның бірінен аяқ киімді міндетті цифрлы таңбалау енгізілді

Цифрлық таңбалауды енгізу — контрафактіден тазартудың ең тиімді жолы дейді мамандар. Ресми мәліметтерге сүйсенсек, ол қазір нарықтың 48,5%-ын құрайды. Сондықтан, 2019-дың шілдесінде аяқ киімдерге электрондық төлқұжат беру бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Ал, биылғы қарашаның бірінен жаңашылдық толығымен күшіне енді. Осылайша импортерлер сырттан жеткізілетін өнімдер жайлы толық ақпаратты сайтқа енгізеді. Ал, кәсіпкерлер дәл қазір қолдарында бар аяқ киім мағлұматтарын жүктейді. Жоба авторларының сөзінше, жүйемен жұмыс істеу оңай. Бүгінде Қазақстан бойынша 12 млн дана аяқ киім таңбалаудан өтіпті. Бұл барлық жүктеменің үштен бірін құрайды.

Мухаммедхайдар Сеит, “Қазақтелеком” АҚ тауар тобы бойынша жоба жетекшісі:

– Ақпараттық жүйеге электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен тіркелу қажет. Кейін кәсіпкер өз тауары жайлы толық ақпаратты сайтқа енгізеді. Бұл сатып алушыға іскер жанның аяқ киімді қайдан әкелгенін, неден жасалғанын білуге мүмкіндік береді. Мағлұматты жүктегеннен кейін өнімге электрондық төлқұжат беріледі. Шаруа көп уақытты алмайды. 100 дана аяқ киімді жарты сағаттың ішінде таңбалап шығуға болады.

Таңбалаумен бетпе-бет кездескен кәсіпкерлердің сөзінше, шаруаны күн-түні отырып істесең де сәуірдің 1-іне дейін бітірмейсің. Сөйтсек, 1 жарым жыл бұрын қолға алынған қанатқақты жобаға Қазақстан бойынша аяқ киім сататын тек бір кәсіпкер қатысыпты. Ал, қалғандары мүлдем хабарсыз болған көрінеді. Проблеманың бірінен соң бірі туындап жатқаны да сондықтан дейді Камиль Бектемиров. Азамат аяқ киім саудасымен 20 жыл бойы айналысып келеді. Бизнестің қыр-сырын меңгерген жанның сөзінше тауарды таңбалау шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерінің ісіне балта шабуы ықтимал.

Камиль Бектемиров, кәсіпкер:

– Таңбалауды жүргізу үшін арнайы құрылғылар сатып алу қажет. Атап айтсақ, 2D сканнерлер мен касса аппараттары керек. Соңғысын Қазақстан кәсіпкерлері осыдан 2 жыл бұрын толығымен ауыстырған болатын. Бұны өз ақшамызға жасадық. Енді бұл касса машиналарының жаңа жүйемен жұмыс істей алмайтындығы анықталды. Бір дүкенге тиісті аппараттарды сатып алуға 900 мың теңгедей қаржы жұмсалмақ. Ал менің қала бойынша 5 нүктем бар. Мұндай қаражатты базарларда тұрған сатушылар қайдан табады?

Бұл проблеманың тек бір шеті ғана. Таңбалау қымбат қана емес, өте ұзақ және ыңғайсыз үрдіс дейді кәсіпкерлер қауымы. Аяқ киім жайлы ақпаратты 20 бірдей критерий бойынша енгізу қажет. Тіпті, қаптаманың жұмсақ әлде қатты картон, жуан әлде жіңішке полиэтиленнен жасалғанын да көрсету керек екен. Сондай-ақ, тауарды фотоға түсіріп те сайтқа жүктеу – міндет.

Камиль Бектемиров, кәсіпкер:

– Таңбалаудағы ең қиыны – қалдықтар жайлы ақпаратты енгізу. Пандемия салдарынан біздің аяқ киімдер сатылған жоқ. Қоймалар тауарға толып тұр. Оның барлығын 20 критерий бойынша таңбалап үлгермейміз әрі бұл ақпаратты енгізу қажет емес деп санаймыз. Қысқасы, жүйені оңтайландыру қажет.

Іскер жандардың наразылықтарын жоба жетекшілері тыңдап шықты. Еліміздің өзге де орта және шағын бизнес өкілдері өз ұсыныстарын айтыпты. Мұның барлығы алдағы уақытта ескерілмек. Жоба жетекшілері қалдық тауарды таңбалауды тіпті 4 критерийге дейін қысқартуды жоспарлап отыр.

Эльмира Садвокасова