ТКШ

Биыл облыс аумағында 3,5 млн дана көшет отырғызылған

Қазіргі күні мемлекет тарапынан орман алқаптарын қорғау мен ағаштардың популяциясын сақтау бойынша көп көңіл бөлініп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2020-шы жылғы жолдауында жасыл желек қорын молайту арқылы көптеген экологиялық проблемаларды шешуге болатынын айтты. Осы орайда өңірде ормандарды түрлі зиянкес жәндіктер мен өрттен қорғау бойынша ауқымды жұмыс атқарылып жатыр.

Бейбіт Исманов, СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

– Биыл орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жүргізілді. Көктем мезгілінде көліктер жөндеуден өтті, күзетшілер қосымша байланыс құралдарымен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, соңғы 3 жылда облыстық бюджеттен 207 млн теңгеге 11 өрт сөндіру көлігі сатып алынды.

Жыл басынан бері өңірдегі алқаптарда 223 рет өрт шыққан. Оның ішінде 30-ы орманға лап қойған. Төтенше жағдайлардың басым бөлігі табиғат аясында демалушылардың отты дұрыс пайдаланбауынан туындаған.

Бейбіт Исманов, СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

– Орман өртіне қатысы бар 7 адам ұсталып, 1 млн теңгеден аса шығын қайтарылды. Сонымен қатар, қауіпсіздік ережесіне мән бермеген 60-қа жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 млн теңге айыппұл төледі. Жалпы, жыл басынан табиғатқа залал келтірген жандарға 212 рет әкімшілік айыппұл салынған.

Сондай-ақ, өңірдегі орман қорын молайту бойынша да жұмыс жүргізіліп жатыр. Биылдың өзінде 868 гектар алқапқа 3 жарым млн дана көшет отырғызылған екен. Яғни, бұл бағыттағы біржылдық жоспар асыра орындалған. Ендігі меже – 2025 жылға дейін 100 млн ағаш отырғызу.

Бердимурат Баймухан