Қоғам

Тимирязев ауданында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аталып өтілді

Көпқабатты баспаналар, білім ошақтары мен денсаулық сақтау ұйымдары бой көтеріп, спорттық нысандар салынуда. Жолдар жөнделіп, село ішіне асфальт төселіп, су мәселесі шешілуде. Тимирязев ауданында тұрғындардың тұрмысын қаламен теңестіру мақсатында барлық жағдай жасалып жатыр. Оң өзгерістердің орын алуына септігін тигізіп жатқан да осы елдің азаматтары. Ауылдың көркеюі үшін елді мекендіктер ондаған жылдар бойы тынбай еңбектеніп келеді. Туған жерінің дамуына үлесін қосып жүргендердің бірі – Алмахан Шаяхметова. Талай жыл нәзікжанды аудандық ішкі саясат бөлімінде жұмыс істепті. Зейнетке шыққаннан кейін де Алмахан Ахметбекқызы ел үшін тер төгуін жалғастыруда. Қария кейінгі ұрпақ өкілдерінің бойына патриоттық сезім ұялатып, болашаққа бағыт-бағдар беріп жүр.

Алмахан Шаяхметова, Тимирязево селосының тұрғыны, Тимирязев ауданы:

– Біздің балалар оқуларын бітіргеннен кейін елге қайта оралып жатыр. Жергілікті мектепке, ауруханаға келіп жұмыс істейді. Өздерін өздерінің туған жерінде тауып, ауылдың дамуына үлестерін қосуда.

Галина Котова да бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. 39 жастағы келіншек 7 ұл-қызды тәрбиелеп отыр. Ең кішісі – 1 жаста. Жанұяда тату-тәтті тұрудың басты сыры – өзара сыйластық пен түсіністікте дейді нәзікжанды. Тұғырлы Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойында көпбалалы ана Алтын алқа тағынды.

Галина Котова, Дружба селосының тұрғыны, Тимирязев ауданы:

– Мен өзім де көпбалалы отбасыдан шықтым. Алты бауырым бар. Кішкентай кезімізден бір-бірімізге қарайласып, көмектесіп өстік. Үй шаруасын өзара бөлісіп істедік. Сабақ оқығанда да жәрдемдестік. Сондықтан, үлкен әулетте өсіп, тәрбие көргендіктен, өзім де осындай жанұяны қаладым. Қазір анамнан оқып-тоқыған біліммен балаларымды сусындатып келемін.

Салтанатты шарада Тәуелсіздік күнінде дүние есігін ашқан жандар да марапатталды. Тимирязев ауданында туған күнін желтоқсанның 16-сында тойлайтын 5 адам бар. Солардың бірі – Ангелина Мачурина. Бұрымды биыл 15 жасқа толыпты.

Ангелина Мачурина, Тимирязево селосының тұрғыны, Тимирязев ауданы:

– Қазақстанның болашағы – біздің қолымызда. Сондықтан, біз бүгіннен бастап еліміздің дамуына өз үлесімізді қосуға тырысудамыз. Өз басым жеңіл атлетикамен айналысамын. Қазір түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, өңір намысын қорғап жүрмін. Ауданда бұқаралық спортпен айналысуға барлық жағдай жасалып жатыр. Бұл өте қуантарлық жайт.

Бұқаралық спорт демекші, жуырда Тимирязево ауылында жабық хоккей корты қолданысқа тапсырылды. Бүгінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің де құрылысы аяқталуға жақын. Жалпы, ауданда әлеуметтік-экономикалық дамудың әрбір секторын қамтуға басымдық берілген. Мұны өз сөзінде аудан әкімі Нұрлан Кеңесов те атап өтті.

Нұрлан Кеңесов, Тимирязев ауданының әкімі:

Біздің ауданымыз – аграрлы. Биыл ауа райының қолайсыздығы салдарынан жинаған өнім өткен жылмен салыстырғанда екі есе аз болды. Десе де диқандардың еңбегі орасан зор. Танап басында жұмыс істеу оңай шаруа емес. Сондықтан, аграрийлерімізге барынша қолдау көрсетуге тырысудамыз. Келесі жылы ауыл шаруашылығының мамандары сапалы астықпен қуантады деп үміттенеміз.

Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты. Сахнада Тимирязев ауданына қарасты ауылдық округтердің ұжымдары өнер көрсетті.

Эльмира Садвокасова